Бүгін 7 мемлекет Катармен дипломатиялық байланысын үзді. Олардың ішінде Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Мысыр мен Бахрейн бар. Араб елдері билігінің пікірінше, Катар «Мұсылман бауырлар» ұйымымен қоса, террорлық топтарды да қолдайды. Сондықтан, Эр-Рияд көрші елмен шекараны жауып, әуе, теңіз қатынасын тоқтатты.
Араб әмірліктері де елден катарлық дипломаттарды қуып, бұл ел экстремизмді, терроризмді қаржыландырады деп айыптады. Ресми Доха болса, тағылған айыпты мойындамай отыр.
Айта кетейік, Таяу Шығыстағы жағдай Катар әмірінің мәлімдемесінен кейін ушықты. Осыдан бір апта бұрын елдің әмірі Хамада Әл Сани Иранмен байланысты реттеу керектігін айтқан еді. Сондай-ақ, ол «Дональд Трамп билік басында ұзақ отырмайды», деген пікір білдірген.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ