Өткен аптада әлемді елең еткізген ақпараттар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өткен аптада әлемді елең еткізген ақпараттар

14.05.2017

Трамп Американы тағы таңқалдырды. Күтпеген жерден Федералдық тергеу бюросының директорын қызметтен кетірді. Джеймс Коми экс-президент Барак Обама тұсынан бері осы органды 4 жыл басқарған. Ол Хиллари Клинтонның электрондық поштасын қызмет бабына пайдалануына қатысты тергеуді дұрыс жүргізбегені үшін айыпты.

Бұған қоса, Трамптың Комиді босатқаннан кейін келесі күні  Ричард Никсонмен тығыз жұмыс істеген Генри Киссинджерді, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты, ресейлік елші Сергей Кислякты Ақ үйде қабылдауы сынға ұшырады. Басқосу журналистердің қатысуынсыз өткен. 

Өткен аптада әлем назарын өзіне аударған тағы бір ақпар АҚШ пен Түркия төңірегінде өрбіді. Дәлірек айтсақ,  Трамп «ДАИШ»-қа қарсы күресіп жүрген күрд жасақтарын қаруландырмақ. Пентагон оларға Ракка қаласынан «ДАИШ»-ты ығыстыра алатын жалғыз күш деп сенім артып отыр.

Ал, Венесуэлада екі айға ұласқан социалистік биліктің саясатына  қарсы демонстрациялар тыйылар емес. Күн сайын ондаған мың адам көшеге шығып, биліктің ауысуын талап етуде. Манифестацияларға оппозиция, жастар, зейнеткерлер қатысып жатыр. Енді, әскерилер де қосылмақ. Сәуірден бері қақтығыстардан 40 адам қаза тауып, жүздегені жараланды. Ал, 2 мыңға жуығы тұтқындалған. Халықты тамырын тереңге жайған күрделі саяси, әлеуметтік, экономикалық ахуал қажытты. Былтыр елде инфляция деңгейі 800 пайызға жетсе, Халықаралық валюта қоры бұл көрсеткіш биыл 1600 пайыздан бір-ақ шығады деп болжайды.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу