«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шарапаты көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шарапаты көп

09.10.2014
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шарапаты көп

Қызылордалық кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шарапатын көруде. Ол жүзеге асқалы өңірде құны 20 миллиард теңге болатын 200-ден астам жоба мақұлданған.

Осы кезге дейін шағын және орта бизнес өкілдеріне 1,5 миллиард теңге субсидия бөлінді. Мемлекет тарапынан субсидия алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар саны артып келеді. Осы бағдарлама аясында ашылған нысанның бірі – урология медициналық орталығы.

Жобаның жалпы құны – 65 миллион теңге. 14 пайызбен берілген несиенің тең жартысын мемлекет төлейді.  Мұның өзі кәсібін бастаған жандарға үлкен демеу. Бүйрек, несеп жолдары мен ерлер ауруларын емдейтін мекемеде 35 адам жұмыс істйді. Келушілер қатары көп.

Нариман Табынбаев, медицина ғылымдарының докторы:

Мемлекет тарапынан қоштап, ақша бөлініп, осы орталықты аштық.  Орталықта науқастарға барлық жағдай жасалған. Құрал-жабдықтар алынған. Екі айдың өзінде 500-ден астам науқас күндізгі стационарда емделіп шықты.

Мемлекет қолдауымен кәсіп ашқандардың бірі – Болат Ұзақов. Бірнеше жылдан бері құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын ол 40 миллион теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Қомақты қаражатқа кірпіш күйдіруге арналған жапондық техника сатып алып, ісін бастады.

Болат Ұзақов, кәсіпкер

Кәсіпорын құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Құрылыс кезінде 40 адам жұмысқа қамтылды. Зауыт іске қосылғанда 34 адам тұрақты жұмысқа алынады.  Жобаның қуаттылығы – жылына 10 миллион дана қызыл қыш, 300 мың дана қам кесек, 30 мың шаршы метр тротуар.

Теңдесі жоқ бағдарлама аймақта кәсіпкерліктің өркендеуіне, сол арқылы жаңа жұмыс орындарының  ашылуына серпін берді.

Жансұлтан Матаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры:

Барлық 208 жобаның жүзеге асуының арқасында Қызылорда облысында 7 мыңның үстінде жұмыс орындары сақталып, 3600 жаңа жұмыс орны ашылды.

Халықтың бағдарламаға деген қызығушылығы зор. Сондықтан мамандар көпшілікке  оның тиімділігі мен қолжетімділігін түсіндіруде. Осылайша, бизнес ашып, тұрмысын түзеп, өңірдің өркендеуіне үлес қосатындар қатары көбеймек. 

Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу