Атырауда Қазақстан мен Ресейдің 11-ші аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында көмірсутегілер саласына қажетті инновациялық құрал-жабдықтардың көрмесі өтті. Екі күнге созылған алып көрме көрші елдің кәсіпкерлерін қоса алғанда 60-қа тарта іскер топ өкілдерінің басын қосты.
Салмағы 2 келіден аспайтын мына құрылғы аумағы 5 шақырым жерді 10 метр биіктіктен бақылайды. Бұл Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорнының ойлап тапқан жаңа өнімі. Нарықтағы құны 2 миллион теңгеден асады. Бұдан басқа, бұл компания бейнетаспаға түсіріп, ақпарат беретін әуе кемесі мен су астындағы шағын кемені жасап шығарған.
Абай Рысқалиев, «Мир Масел» ЖШС директоры:
Біздің құрылғылар әуеде, су астында еркін жұмыс істейді. Айталық, олар Қашаған кенішіне су арқылы келетін қауіптің алдын алуға, басқа да болып жатқан төтенше жағдайларды білуге көмектеседі.
Жаңа технологиялар мен көмірсутегі өндірісі саласындағы тың әдісті ұсыну үшін Ресей 30 компаниясын іріктеп, Атырауға әкелген. Бұл көрмеде отандық мұнай өндірушілердің де инновацияық туындылары аз болған жоқ. Келушілерге барлығы 100-ге жуық жаңа жобалар таныстырылды. Айта кету керек, қазір Атырауда 50-ден аса шетелге танымал ірі компаниялар жұмыс істейді. Олардың дені-мұнай мен газ өндіруге жұмылдырылған. Ал, мұндай көрме олардың жұмысын оңтайландырып, мұнай-газ саласын игеруге мол мүмкіндіктер береді.
Ұзақбай Қарабалин, ҚР Энергетика бірінші вице-министрі:
Қазір, жер қойнауынан мұнай алу жұмыстары қиындап кетті. Әлемнің барлық елдері қара алтынды өндірудің тың әдістерін қарастыруда. Ал, бұл көрме сол инновациялық жобаларды табуға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, деп сенемін.
Ресейлік және қазақстандық ойшылдардың инновациялық туындыларына мұнай компаниялары үлкен қызығушылық танытып отыр. Тіптен қазірдің өзінде бірнеше келісімшарттарға да қол қойылды.
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ