Twitter 140 символдық шектеуді алып тастауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Twitter 140 символдық шектеуді алып тастауы мүмкін

06.01.2016
Twitter  140  символдық  шектеуді алып тастауы мүмкін
Twitter  140  символдық  шектеуді алып тастауы мүмкін

Биыл Twitter өзінің ең басты ерекшелігін өзгертуі мүмкін. Яғни, әлеуметтік желідегі 140 символдық шектеу жойылады. Бұл туралы The Wall Street Journal хабарлады.

Басылым Twitter -дегі өзгерістер туралы алдағы наурыз айының соңына қарай ресми түрде мәлімдеме жасалуы мүмкін екендігін жазған. Алайда, әлеуметтік желі бәрібір өзінің символдарға қатысты шектеуін тұтастай жоймақ емес. Әдеттегі 140 символдың орынына 10 мың символдық шектеу енгізуі мүмкін. Дегенмен, The Wall Street Journal Twitter-дің бұрыңғы келбетін сақтауға тырысатындығын болжап отыр. Яғни, желіні қолданушыға әдеттегідей 140 символдық шектеу көрсетіліп тұрады. Шектен асып кеткендігі туралы ескерту де сақталады. Бірақ, 140 символдан асып кеткен твитті жариялау үшін қосымша функцияларды іске қосып, мәтінді емін-еркін 10 мың символға дейін созуға мүмкіндік тумақ екен.

Жалпы, Twitter-дегі 140 символдық шектеуді алып тастау туралы пікірталас өткен жылдың қыркүйек айында басталған. Ал, шілдеде Twitter жеке месседждерге арналған символдарға арналған шектеуді 10 мыңға жеткізген еді. Яғни, біреухе осы желі арқылы жеке хат жазсаңыз біраз көсілуіңізге мүмкіндік бар. Бірақ, шектеу микроблогтар үшін сақталған еді. Енді ұзын-сонар эссэлер мен мақалалар дәуірі Twitter-де де басталатын түрі бар.

Шектеулерді алып тастау туралы жоспарлар ақпарат құралдарында жарияланып кеткен соң Twitter Inc компаниясының бас директоры әрі құрушыларының бірі Джек Дорси кеше 1317 символдан тұратын твит жариялады. Бірақ, ол ресми түрде шектеулердің алынатындығы туралы ештеңе демеген. Жалпы, компания мамандары желідегі өзгерістерге қатысты әлі күнге тіс жармай отыр.




Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу