Түркияны паналаған сириялықтар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияны паналаған сириялықтар

28.06.2014
Түркияны паналаған сириялықтар
Сириядағы жағдайға байланысты, жан сақтау үшін, баспаналарын тастап қашқан босқындар қазір әлемнің әр бұрышында жүр. Бір Түркияның өзін осы уақытта 1,5 миллионнан астам сириялық паналауда. Түрік бауырларымыз оларды шеттетпей, қолдан келгенше көмек көрсетуде.
 
Жан сауғалап Сириядан жалпы саны 2,5 миллионнан астам адам қашқан. Солардың жартысынан көбі қазір Түркияда . Ел билігі оларға шекара аймағында 21 шатыр қалашығын тігіп, азық-түлік, киім- кешек және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде.
 
Ал, шатырдан орын бұйырмағандар Түркияның төрт бұрышына барады. Оларға қазір жергілікті билік пен қоғамдық қорлар көмектесуде.
 
Мұстафа Арслан, мемлекеттік халыққа көмек қорының мүшесі: 
Соңғы екі жылдың ішінде шекарадағы қалашықта 10 мыңға жуық сәби дүниеге келді. 35 мыңнан астам адамға операция жасалды. Әрине, бәріне бірдей көмек көрсету мүмкін емес. Бірақ,қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Анкараға келгендер көші- қон полициясына тіркелу керек. Сонда ғана оларға көмек көрсетіледі.
 
Ердуан Хаджим Хаммат осыдан бір жарым жыл бұрын отбасымен және туған туыстарымен Анкараға келген. Басында қала кезіп жүрді. Кейін тіркеуден өтіп, көмекке мұқтаж жандардың тізіміне алынады. Қазір мемлекеттік қор оған пәтер жалдап, аптасына бір рет азық-түлік әкеліп тұрады.
 
Ердуан Хаджим Хамат, Сирия азаматы:
Мені осы жаққа келгенде Сириялық босқынсың, деп қарамай, өз бауырындай қарсы алды. Отбасымның медициналық сақтандыруын жасатты. Балаларымның білім алуына да жәрдемдесті. Ол үшін алғысым шексіз. Біз көрген қасіретті ешкім көрмесін. Әлемде тек бейбітшілік болсын деп тілеймін.
 
 Бақытжан Омар, тілші:
Бір Анкараның өзіне 600-ге жуық сириялық отбасы келген. Көмек тізіміне ілікпегендер міне, мынадай бос тұрған алаңдарда жататын босқындардың саны артып бара жатқан соң, билік оларды осыдан бірнеше күн бұрын жақын маңдағы ауыл-аймақтарға жіберді.
 
Олар қазір шаруа қожалықтарында жұмыс істеп, күн көруде. Сириялықтардың бір ғана арманы бар. Ол елдегі жағдай тұрақталып, аман-есен үйлеріне қайту.
 
 
Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу