Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев өз үйіне басып кіргендерге оқ атқанын мойындады. Мұндай мәлімдемені ол бүгін журналистермен кездесуде жасады. «Жақтастарымда қару болған жоқ. Шабуыл кезінде өзім оқ аттым», - дейді республиканың бұрынғы басшысы. Сонымен қатар, ол өз резиденциясында қамалып отырған «Альфа» арнайы бөлімшесінің қызметкерлерін босатуға ықпал етуге сөз беріп, жақтастарын митингке шығару жоспарын жариялады.
Тамыздың 7-де кешкісін қырғыздың арнайы күштері Бішкектен 20 шақырым жерде орналасқан Қой-Таш ауылында Атамбаевты тұтқындау операциясын бастады. Атамбаев маусымда заңмен қудалау иммунитетінен айрылып, қазір коррупция үшін айыпталып отыр. Дегенмен, ол өзіне тағылған кінәні үнемі жоққа шығарып келеді. Экс-президентті ұстау рейді кезінде бір қауіпсіздік қызметкері қаза тауып, 52 адам жараланған.
Арыстан РЫСБЕК