Елбасына Жоғары Еуразиялық Экономикалық Кеңестің құрметті төрағасы мәртебесі берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасына Жоғары Еуразиялық Экономикалық Кеңестің құрметті төрағасы мәртебесі берілді

29.05.2019

Бүгін Елордада Жоғары Еуразия Экономикалық Кеңесінің отырысы өтті. Бұл шара  Еуразиялық Экономикалық одақ жөніндегі шартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына және Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция жөніндегі идеясына 25 жыл толуына орайластырылған. Кеңестің мерейтойлық отырысына Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары арнайы келді. Жоғары Еуразиялық Экономикалық Кеңестің отырысы барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасыға жоғары құрмет көрсетілді. Еуразиялық интеграция жөніндегі ұтымды идеясы мен оны жүзеге асырудағы еңселі еңбегін ескеріп, Нұрсұлтан Назарбаевқа экономикалық кеңестің құрметті төрағасы атағын беру ұсынылды. Мұндай бастаманы Ресей Президенті Владимир Путин көтерді. Нұрсұлтан Назарбаевтың идея авторы және бастамашысы ретінде әрі Одақтың қалыптасуындағы айрықша рөлі лайықты бағалануы қажеттігі айтылды. Сол себептен, Елбасына Жоғары Еуразиялық Экономикалық Кеңестің құрметті төрағасы мәртебесі берілді.

Бүгін, 29-мамыр Еуразия құрлығының үлкен ширегін қамтитын жаңа халықаралық құрылымның өмірге келген күні. Яғни, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылған айтулы дата. Тарихи оқиға 2014 жылдың дәл осы күні қазақ астанасында Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттерінің қатысуымен өткен еді. Құжат 2015 жылдың 1 қаңтарынан күшіне еніп, кейін бұл қатарға Армения мен Қырғызстан қосылды. Құқықтық құжат өзінің дәуірлік маңызға ие екенін дәлелдеді.

Бестік одақтың басшылары соңғы рет өткен жылы желтоқсанда Санкт-Петербургте бас қосқан. Арадағы алты ай айтарлықтай өзгеріске толы болды. Қазақстанда билік ауысты. Бірақ, бүгінгі жиын бестіктің ұстанымы баяғыша қала беретінін көрсетті. Бірер жыл бұрын интеграциялық одақ әрі кетсе 10-15 жылға созылады деген әңгіме айтылса, қазір керісінше сырт көздерді енді қай мемлекет одақ құрамына кіреді деген сауал қызықтырады.

Өйткені, Бестік одақ жаһандағы үлкен нарықтың үштігіне енеді. 184 миллион тұтынушысы бар. Әлемдік экономиканың даму қарқыны бәсеңдесе де бестіктің алыс-берісі азайған жоқ, қайта еселеніп келеді. 

Нұрсұлтан Назарбаев, жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы:

Біз бес мемлекеттің күш-жігерін жұмылдырып, орасан зор аумақта бірегей экономикалық одақ құрдық. Әлем елдерінің 40-қа жуығы Одақтың жұмысына ерекше қызығушылық танытып отыр. Біздің бизнес қауымдастықтарымыз өзара тығыз байланысып, Еуразиялық экономикалық одақтың мүмкіндіктерін пайдалануда. Қазақстанда Одақ елдерімен бірлесе құрған кәсіпорындардың саны 11 мыңға жетті.

Елбасының тағы бір айтқаны экономикалық кеңістіктің  сырт елдерге барынша ашық болғаны жөн. Еуропа одағы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Оңтүстік Шығыс Азия елдерімен тығыз қарым-қатынас ұстану керек. Десе де, тауар айналымын реттегенде өзімізде өндірілетін нәрсені өзгеден тасымалдауды тоқтатпаса болмайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев, жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы:

Меніңше, комиссия аясында біз сараптама жасайтын адамдар тобын құруымыз керек  және олар сүттің Беларусь пен Ресейде, астықтың Қазақстанда өндірілетінін айтуы керек. Тіпті әскери қызметшілер үшін  киімді импорттап отырмыз.  Бұл ұят нәрсе. Қараңыздаршы, нарықты кеңейту үшін, ақша тауып, жұмыс орындарын ұсынуға қандай кеңістіктер бар. Біз ойлануымыз керек.

Еркін тауар айналымы, еркін қызмет көрсету, еркін еңбек нарығы және еркін қаржы айналымы. Одақ жұмысын жандандыратыны осы төртеуі. Ал, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы төрт тағанды тегеурінді етер тетіктерді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Еуразия» жүрдек темір жолының құрылысын жүзеге асыруды ұсынған еді. Бұл инфрақұрылымдық мега жоба.  Жүзеге асса, Еуразиялық интеграцияның символына айналып, елдеріміздің экономикасына қосымша серпін берері анық. Сондай-ақ, әрбір ел ұлттық цифрлық тәртіпті іске асыруды жалғастыра беру керек.  Қазақстан Астана халықаралық қаржы орталығын ашты және орталықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырады. Сосын, жалпы нарықты демпингтен, контрафактіден және үшінші елдер тарапынан жосықсыз бәсекеден қорғау үшін күшімізді жүйелеу керек.

Бұдан бөлек, шекарада, саудада туындайтын кедергілерді азайту керек. Өйткені, кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетпесе болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өкінішке қарай, одақ ішіндегі саудада әлі күнге дейін кедергілер мен тосқауылдың болуы біздің интеграциялық жобамызға шетелдік инвесторлардың сенімін төмендетуі мүмкін. Тексеру бекеттерін, өзге де кедендік және шекара маңы инфрақұрылымын материалдық-техникалық тұрғыдан жарақтандыру күрделі екенін түсінеміз. Десе де біздің кеден қызметтерін бірыңғай әдіспен және тәжірибемен қамтамасыз ету  маңызды деп санаймыз. Бұл тауарларды жіктеу, кедендік құнын анықтау және импортталатын тауарды толыққанды есепке алу мәселелеріне қатысты.

Кеңейтілген отырыста бестіктің қатарына  Молдова да қосылды. Былтырғы мамырдан бері олар  бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие. Осы бір жыл ішінде одақ елдерімен арадағы тауар айналымын бірден 10 пайызға арттырыпты. Жаман көрсеткіш емес. Бүгін шаршы топта сөз алған ресми Кишинев одақ құрамына қосылуға қатысты мәмлесін айтты.

Игорь Додон, Молдова Республикасының Президенті:

Арнайы жүргізілген референдум нәтижесінде молдова халқының 37 пайызы еуропалық одаққа мүше болуды жақтаса, 39 пайызы еуразиялық экономикалық одақ құрамына енуді қолдап отыр. Біз үшін одақ аясындағы барлық интеграциялық процестер маңызды. Әзірге, аталған ұйымның бақылаушысы мәртебесін алған жалғыз мемлекетпіз, осы бағыттағы жұмысымызды жалғастыра беретін боламыз. Және интеграциялық процестерді талқылау Кишинев арнайы алаң ұсынуға әзір.

Бұл Еуразия құрлығындағы интеграциялық кеңістікке оң көзқарас күшейіп келе жатқанын аңғартса керек. Мұны Беларусь басшысы да растайды.

Александр Лукашенко, Беларусь Республикасының Президенті:

Еуразиялық экономикалық одақ халықаралық аренада үлкен беделге ие. Бізбен ынтымақтасқысы келмейді дегенді жиі естіп те, айтып та жүрміз. Кейбірі көре алмайды, біреулер қорқады, бәсекелестік те бар. Мұның бәрі табиғи құбылыс. Бірақ бізді көзге ілмей жүре де алмайды.

Ал, одақ жұмысына төрағалық етуші Армения сырт елдермен серіктестікті кеңейтуге айрықша  мән бермек. Елдің үкіметбасы Никол Пашинян Сингапур, Сербия, Египет, Израиль, Үндістан елдерімен келіссөздерді бастап кетіпті. Иран мен Қытай да одақпен байланыс орнатуға бейіл. Қол жеткен келісімдердің қорытындысы қазан айында Ереванда өтетін кеңестің кезекті отырысында баяндалады.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу