Биылғы Астана экономикалық форумның басты өзегі – адами капитал. Сонымен қатар бұл жолы бұрын-соңды өткізілмеген жаңа форматтағы іс-шаралар жоспарланып отыр. Алғаш рет қаржы министрлері мен орталық банктердің басқарушылары үшін Халықаралық валюта қоры өкілдерімен бірге жиын ұйымдастырылады.
Биылғы ерекшелік - жастар мен студенттердің қатысуы. Арнайы формат – AEF Talks барысында жеткіншектерге Нобель сыйлығының лауреаттары мен саяси қайраткерлермен сұхбаттасу бақыты бұйырып отыр. Ал спикерлер кімдер? Әлемдік деңгейдегі сарапшылардың ішінде экономика саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Пол Ромер, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, АҚШ Федералдық резерв жүйесі төрағасының орынбасары Стэнли Фишер, тағысын-тағы.
Ханс-Пол Бюркнер, The Boston Consulting Group директорлар кеңесінің төрағасы, форум спикері:
- Қытай, Ресей, Еуропа мен Солтүстік Америкадан делегаттар жиналып жатыр. Өзекті мәселелерге қатысты тың идеялар айтылуда. Әрине, жаһандық түйткілдерді дәл осы жерде шешіп, әлемдік деңгейде нәтижеге жете алуымыз екіталай. Алайда, бұл алаңқай – сол шешімді табуға апаратын жол.
Биыл қатысушы елдер саны аздау. Былтыр 111 мемлекеттен өкіл келсе, бұл жылы 74 елден қатысып жатыр. Ауқымына қарай ақшасы. Өткен жылы форумға 3,1 млрд теңге жұмсалса, бұл жолы 1,4 млрд теңге.
Жалпы, 11 жылда осы форум үшін бас қалаға әлемнің 150 елінен 50 000 делегат келген екен. Оның ішінде 20-дан астам Нобель сыйлығының лауреаты, 30-дан астам жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткер бар. Конгресс аясында 20 млрд долларға 300-ден астам меморандум мен келісім жасалды. Биылғы форумға 5492 делегат, 700-ден астам шетелдік және отандық журналист тіркеліп отыр. Форум тарихында тұңғыш рет 2 күн ішінде 50-ден астам сессия мен іс-шара өтеді.
Мұхтар Манкеев, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы:
- Нұр-Сұлтан қаласын Орталық Азияның орталығы емес, Орталық Азияның астанасы ретінде қалыптасты деп айтып жатыр. Ол, әрине, Орталық Азия, жаңа макрорегион ретінде қалыптасқаны мәлім.
Фред Уолти, Жаһандық инновациялар жүйесі компаниясының президенті, форум спикері:
- Көптеген ел ғылыми-зерттеу жұмыстарына қомақты қаржы құйып жатыр. Ал, менің ойымша, инновацияны коммерцияландыру маңыздырақ. Барлық мемлекеттерді біріктіретін ортақ жасыл инновациялық хаб құрып, онда стартап жобаларға қолдау көрсетілуі тиіс.
АЭФ аясында БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары бойынша тұңғыш қазақстандық форум, Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына және 2020 жылғы ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясына қатысты отырыстар өткізіледі. Қонақтарды небәрі екі күнге жоспарланған шаралардың саны да, салмағы да таңқалдырды.
Шетелдік сарапшылардың назары форум өтіп жатқан ғимаратқа да ауды. Меймандар күн сәулесі түсетін төбеге де, экологиялық таза материалдардан жасалған бұйымдарға оң бағасын беріп жатыр. Демек, үнемі жаһандық мәселелерді көтеріп, жасыл энергияны желеу еткен еліміз өз ұстанымдарына сөз ғана емес, іс жүзінде де берік екенін дәлелдейді.
Альбина ӘШІМ