«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Алматы қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Әлеуметтік қамқорлық». Үкімет мүшелері Алматы қаласындағы әлеуметтік нысандарды аралады

25.04.2019

Халықты «Әлеуметтік қамқорлық» шараларымен ақпараттандыру тобының Алматы қаласындағы жұмыс сапары жалғасуда. Бүгін Үкімет өкілдері бірнеше әлеуметтік нысанды аралап, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан шаруалармен танысты.

Алматы қаласындағы медициналық мекемелердің санымен бірге сапасы да артып келеді. Қала басшысы Бауыржан Байбек Үкімет өкілдеріне осы саланың жетістіктерін көрсетті. Соның бірі №2 қалалық балалар ауруханасындағы консултативті-диагностикалық орталық. Мекеменің артықшылығы - кез келген ауруды алдын-ала анықтайды және дер кезінде емдеу мекемелеріне жолдама береді.

Алматыда қатерлі ісік ауруларынан болатын адам өлімі 8 пайызға азайған. «Мұндай нәтижеге білікті дәрігерлер мен озық ғылыми зерттеулердің нәтижесінде жеттік»,- дейді мамандар. Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты қатерлі аурулармен күресті күшейтуде. Озық үлгідегі жабдықтармен қамтылған. Сонымен қатар, қалада заманауи медициналық оңалту орталықтарының саны артып келеді. Мәселен, мына «Мейірім» орталығы ашылғалы бері 300-ден астам мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге қажетті көмек көрсетілген.

Андрей Кисилев, оңалту орталығының қызметкері:

- Бұл - теңдесі жоқ орталық. Себебі мұнда әрбір бала үшін жекелеген бағдарлама әзірленеді.

Алматы халқының 12 пайызын қарттар құрайды. Оларға да қолайлы орта қалыптастырылуда. Қалада «Белсенді ұзақ өмір орталықтары» ашылуда. Мұнда қариялар өзара әңгімелесіп, жанына жақын істермен шұғылданып, тіпті өз идеяларын іске асыра алады.

Халықтың әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мүмкіншілігін арттыру барлық өңір үшін кезек күттірмес мәселе. Алматы шаһары бұл тұрғыда өзгелерден озық болмаса кем емес. Жұмыспен қамту, еңбек нарығындағы ақпаратты жеткізу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Көпбалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың жол картасы дайындалған. Соған сәйкес, осы санаттағы тұрғындарды баспанамен және жұмыспен қамтудың кешенді іс-шаралары жүзеге асуда. Сонымен қатар, оқимын, еңбек етемін деген жастарға да жан-жақты мүмкіндіктер берілуде.

Елбасының әлеуметтік бастамалары Алматы қаласында мерзімді әрі сапалы орындалуда. Қала билігі әлеуметтік саясаттың әрбір бағыты бойынша қауырт жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу