Бұл күндері Қытай астанасы Бейжіңде «Бір белдеу, бір жол» бастамасының екінші форумына қызу дайындық жүріп жатыр.
Игорь Шпырев – Қазақстан азаматы. Алматыда туып-өскен. Бүгінде Ухань қаласындағы ірі қаржы холдингінде жұмыс істейді. Игорь бастаған топпен ауқымды сауда-саттық және қызмет көрсету орталығы ғимаратының құрылысына бардық. Келешекте бұл жерде әлем елдерінен келген кәсіпкерлер өзара келісімшарт жасасып, ортақ жобаларды жүзеге асырмақ. Игорьдің сөзінше, Қытайда бизнесін жүргізуге ниетті қазақстандықтар өте көп.
Игорь Шпырев, Ухань қаласы қаржы холдингтері тобының халықаралық жобалар менеджері:
- Қазақстандық студенттердің басым бөлігі осы қалада оқиды. Кейін кәсібін жүргізуге осында қайтып келеді. Ең бастысы, мұнда теңіз порты бар. Сол себепті сауда-саттықты және логистиканы жақсы дамытуға болады. Қазақстандықтар, көбінде, соған қызығады.
Игорьден сұқбатты Янцзы өзенінің жағалауында алдық. Бұл – қалада жаңадан ашылған порт. Осы маңнан жыл сайын салмағы 2 миллион 200 мың тонна болатын жүк тасымалданады. Әзірге ішкі нарықты қамтыған қызмет түрі келешекте әлем елдерін қамтымақ. Оның ішінде Қазақстан да бар.
Цзянган Се, Ухань қаласы портқа қызмет көрсету компаниясы директорының орынбасары:
- Бұл маңда теміржол салынып жатыр. Сонда теңіз әрі құрғақ порттың бірлескен үлгісіне қол жеткіземіз. Халықаралық тасымалға шамамен 3 жылдан соң шығамыз деп ойлаймын. Осы жерден тауарларды Шанхайға шығарсақ, әрі қарай әлем елдерінің есігі ашылады. Көбінде техника тасымалдаймыз.
Техника демекші, Хэфэй қаласында Қытайдың «Айфлайтек» деген ірі компаниясының біріне де бардық. Біздің елге сатылымға әзірге келе қоймаған құрылғылармен таныстық.
Бұл құрылғыны көргенде, кәсіби аудармашылардың дәурені бітті ме дерсің. Кішкентай ғана техника әлемнің 51 тіліне аударма жасайды. Роботтың сөйлем құрылысы, сөз қолданысы – бәрі жетілдірілген. Бірақ біздің жанымызда жүрген аудармашы адамның интеллектін ештеңе алмастыра алмайды,- деп есептейді.
Қытай – Қазақстанның екінші ірі сауда серіктесі. Біздің нарықта көрші елдің техникасы, әсіресе, ұялы телефондары жоғары сұранысқа ие екен. Сондықтан, алдағы уақытта екі елдің арасындағы алыс-беріс пен барыс-келіс артпаса, кемімейтінін аңғардық.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ