Мәскеу қаласында Түркіменстанның төрағалығымен ТМД Сыртқы істер министрлерінің кезекті кеңесі өтті. Жиынға қазақ делегациясын еліміздің сыртқы саяси ведомства басшысы Бейбіт Атамқұлов бастап барды. Отырыста тараптар, түрлі қауіп-қатермен күресті күшейту мен экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық саладағы ынтымақтастықты кеңейту жайын талқылады.
Кеңес кезінде Бейбіт Атамқұлов, ТМД-ның сенімді әрі белсенді мүшесі ретінде, Қазақ елінің, осы ұйым құрамындағы мемлекеттермен барлық саладағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін айтты. Еліміздің сыртқы істер министрі, сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, ТМД-ны қазіргі заман талабына лайықтау туралы бастамасының сәтті іске асқанын атап өтті.
Содан соң, делегация жетекшілері, 2018-ші жылы, ТМД сыртқы істер министрліктері арасындағы көпдеңгейлі кеңес жоспарының қалай іске асқаны туралы есепті тыңдап, 2019 жылға арналған дәл осындай құжаттың жаңа нұсқасын бекітті. Жиында министрлер, екінші дүниежүзілік соғысқа арналған әскери қорымдар мен ескерткіштерді күтіп, сақтау туралы арнайы Үндеуді де қабылдады.
Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі:
Бүгінгі кездесуде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне көп көңіл бөлдік. Мәселен, мұражай ісіндегі әріптестік және фундаментальды зерттеулер бойынша іс-әрекетімізді үлестіруге арналған келісімнің жобасын мақұлдадық.
Адам құқығын қорғау жайына да ерекше назар аудардық. Бұл саладағы байланыстарымызды келісіп жүргізуге арналған жұмысты жалғастыратын болдық. Ал ақпараттық технологиялардың көмегімен жасалатын қылмыспен күресу үшін бірқатар құжаттарды пысықтадық.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ