Вашингтон Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Н.Назарбаевқа құрмет білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вашингтон Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Н.Назарбаевқа құрмет білдірді

22.03.2019

Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттік өкілеттелігін тоқтатуы бойынша АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми өкілінің орынбасары Роберт Палладино мәлімдеме жасады. Вашингтон тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың істеген жұмыстарына құрмет білдірді.

АҚШ Мемлекеттік департаменті ресми өкілінің орынбасары Роберт Палладино:

АҚШ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың Америка мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынастың орнауына және оның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалайды. Қазақстан үшін тарихи сәт туған кезде Нұрсұлтан Әбішұлы бүгінгі заманауи, егемен, жасампаз ел - Қазақстанның негізін қалады. Тұңғыш Президенттің аймақта және әлемдік ауқымда жасаған игі бастамалары мен ерен еңбегін ескере отырып, оның жауапты басшы ретінде атқарған жұмыстарын жоғары бағалаймыз. Нұрсұлтан Әбішұлының ядролық қауіпсіздік мақсатында жасаған батыл қадамдарын айта отырып, оның билікті бейбіт жолмен тапсырған ісін құрметтейміз. Қазақстанмен арадағы байланысымыз құрмет пен бостандыққа, аймақтық қауіпсіздікке негізделген. Ол өңірде бейбіт өмірді қамтамасыз ете білді. Сондай-ақ, мемлекеттің жаңа басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа қызметімен құттықтай отырып, АҚШ пен арада стратегиялық қарым-қатынастың үзілмейтініне үміт білдіреміз. Экономика, тауар айналымы, инвестиция саласында және қауіпсіздікке қатысты қос елдің ортақ мүддесін әрі қарай дамытамыз деген сенім білдіремін.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу