Асқар Мамин: Жыл соңына дейін ЖІӨ 5%-дан кем болмауын қамтамасыз етуіміз керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Мамин: Жыл соңына дейін ЖІӨ 5%-дан кем болмауын қамтамасыз етуіміз керек

12.03.2019

«Жыл соңына дейін жалпы ішкі өнім өсімін 5%-дан кем болмауын қамтамасыз етуіміз керек». Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин министрлерге осындай тапсырма жүктеді. Осы жылдың екі айында экономикалық өсім  3,5 пайызға жеткен. Әдеттегідей, тау-кен, машина жасау, химия өнеркәсібі, сауда және көлік саласы экономиканы алға сүйреп тұр.

3,5 пайыз өсім жақсы көрсеткіш. Дей тұрғанмен, өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Сол себепті, жауапты органдар мен әкімдіктер бірлесе жұмыс істеп, оң нәтиже көрсетуі керек. Бұл Премьер Асқар Маминнің пәрмені.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

Ұсынылып отырған өзгерістер халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» шараларын іске асыру аясында енгізіліп отыр. Мемлекеттік басшысының барлық әлеуметтік бастамаларына қаржы бөлініп, жүзеге асырылатын болады. Осы ретте қойылған міндеттердің уақытылы орындалуын, нәтижелі және сапасының жоғары болғанын талап етемін.

«Әлеуметтік қамқорлық». Бұл «Нұр Отан» партиясының 18-ші съезінде Нұрсұлтан Назарбаев жария еткен жаңа бағдарламаның атауы. Бүгін осы бағдарламаға бюджеттен 444 млрд теңге бөлінетіні белгілі болды.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі:

Азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдауды күшейту - 224,3 млрд теңге; аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін жалға берілетін тұрғын үй салу және Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы жеңілдікті кредит беруді енгізу -100 млрд теңге; өңірлік инфрақұрылымды дамыту 90 млрд теңге; «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыру 30 млрд теңге.

«Қазақстанды саяхаттауға қолайлы 50 елдің қатарына енеді». Осылай деген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «туристік сала бойына қан жүгіртетін 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны таныстырды. Оған сай, туризм саласы ел экономикасын алға сүйрейтін эшелонға айналуы тиіс. Жеті жыл ішінде салаға 2 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Сонымен қоса, 200  мың адам жұмысты болмақ.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Ел экономикасына 2 мың доллар қалдыра отырып, шетелдік туристердің саны 5 млн адамға дейін, ал, ішкі туристердің саны 10 млн-ға дейін ұлғаятын болады. Жоспарланған 2 трлн теңгенің 70 пайызы жеке инвестицияны құрайтын болады.

Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейінгі алқапты жайлаған қазақ даласында демалатын жер аз емес. Сулы, нулы, ауасы таза таулы өлкелер көп бізде. Әйтпесе, Таңбалы тас, Алтын Емел, Бетбақ даланың өзі экотуризм үшін таптырмайтын жер емес пе? Тіпті,   Астананың іргесіндегі Қорғалжың қорығында да экотуризмді дамытуға болады. Бірақ, сол баяғы сервис пен инфрақұрылым құрғырың құртып тұр бәрін. Ең бергісі дені дұрыс дәретханада дайын емес.

Ерлан Қожағапанов, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі:

Туристік орындарда 1000 дәретхана саламыз. Неміс технологиясымен жасалған.

Ресми дерек елімізде ерекше қорғалатын 100-ден астам жер барын айтады. Оның 12-сі ұлттық парк, 10-ы қорық. Әрі демалушыларға арналған басқа да 1700 нысан тағы бар. Ал ендігі міндет сол жерге келіп-кетем деушілерге жағдай жасап, саяхатшының көңілін аулау.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу