Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халықтың әлеуметтік жағдайы – басты назарда

05.03.2019

Атқарушы билік басшылары халықпен тікелей кездесіп, бұқараны алаңдататын мәселелерді шешу үшін өңірлерді араламақ. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бұл сапарға өзі бастап шығатынын айтты.

Жақында ғана бұқараның жағдайын жақсарту бағытында Президент көптеген тапсырма беріп, қазынадан қомақты қаржы бөлінді. Әлеуеттің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін 2 трлн 300 млрд теңге қарастырылып отыр. Осы орайда әрбір министрлік арнайы жол картасын әзірлеп, жұмыс істейтін болады. Ал, 1 шілдеден бастап 225 мың медицина қызметкерінің айлығы 30 пайызға артпақ. Білім саласындағы айлығы аз мамандардың да еңбекақысы дәл осындай көлемге көбейеді.

Бұдан бөлек аудан, ауыл әкімдіктерінде жұмыс істейтін азаматтар мен мәдениет және спорт саласы қызметкерлерінің айлығы да 30 процент көлемінде жоғарылайды. Осылайша 1 млн-ға жуық қазақстандықтың табысы артады деп жоспарлануда. Ал, мемлекеттен бөлінетін әлеуметтік көмек ең әуелі жағдайы төмен отбасыларға беріледі.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары:

- Елімізде 4 млн-нан аса отбасы бар. Әрбірінің жағдайы әртүрлі. Елбасы сөзінде айтылды, 830 мың азаматқа көмек жәрдемақы ретінде берілетін болады. Арыз жазып, сұрақ қойып жатқандар бар. Олар жеке-жеке қаралады. Бірінші орында жұмыспен қамту мәселесі тұр.

Ал, көпшіліктің аузында жүрген әр балаға 21 мың теңге тек табысы төмен отбасыларға беріледі. Яғни, кірісі жан басына шаққанда 20789 теңгеден аспайтын жанұялар бұл көмекке үміт арта алады. Сондай-ақ, мүгедек балаларды асырап отырғандарға берілетін жәрдемақы да 30 пайызға артып отыр. Бұл 100 мыңға жуық отбасыны қамтиды. Ал, көмек қаржыны алу үшін тұрғындар енді қағазбастылыққа салынып, кабинеттердің есігін тоздырмайтын болды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Мемлекет басшысының бюрократияны азайту деген тапсырмасы бар. Қазір отбасылар осындай атаулы көмекті тағайындау үшін ары-бері бір құшақ қағаз жинап жүреді. Соны азайту мақсатында бізде ақпараттық жүйемен жұмыс істейді. Ол - жұмыспен қамту орталықтары, ауылдардың, аудандардың, қалалардың әкімдіктері.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу