«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы әрі қарай жалғасады. Үкімет басшысы Асқар Мамин бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярға бағдарламаның 2025 жылға дейінгі екінші бес жылдығына арналған құжаттарды тездетіп әзірлеуді тапсырды. Ал, 2014 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан ауқымды жобаның қазіргі қорытындыларына жақсы деген баға берілді. Сондай-ақ, Асқар Мамин алдағы 7 жылда елімізге әкелінетін импорттық тауарлардың үлесін едәуір төмендетіп, отандық өндірісті өрістету қажеттігіне назар аударды. Ол үшін министрлер кабинеті алдында тұрған негізгі міндеттерді атап көрсетті.
Әр сейсенбі сайын Үкімет үйінде өтетін маңызды жиын енді бұрынғыдай таңғы 10:00-де емес, 9:00-де басталатын болды. Себебі міндет көп, жұмысқа ерте кірісу қажет. Атқарушы биліктің басшылары бірден «Нұрлы жол» бағдарламасының алғашқы 5 жылдығын қорытындылаудан бастап кетті.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Әлеуметтік тұрғыда «Нұрлы жол» бағдарламасының алатын орны ерекше. Өткен жылдың өзінде ғана 86 мың жұмыс орны құрылды. Жоспарға сәйкес тағы 54 мың жұмыс орнын құру жоспарда бар.
2014 жылдан бері елімізде 8 мың шақырым жол төселіп жөндеуден өткен. 3 мың 200 километр су және жылу құбырлары ауыстырылды. Мемлекет қазір бұл ақшаның қайтарымын да көріп жатыр. Мәселен, тек былтырдың өзінде транзиттен түскен қаржы 1,5 млрд АҚШ долларына жеткен. Енді қосымша табыс табу үшін биыл тағы 471 шақырым жол ақылы болмақ.
Роман Скляр, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
- Тек өткен жылдың өзінде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі 6,1 пайызға өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгені құрады. Бұл ретте көлік қызметкерлерінің саны 4,6 процентке, еңбек өнімділігі 3,4 процентке өсті.
Роман Скляр «Нұрлы жолдың» 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы наурыз айы біткенше дайын болады деп нық сеніммен айтты. Ал, қарапайым заттар экономикасын дамыту бойынша Асқар Мамин 2025 жылға дейін импорттық тауарлардың үлесін 57 проценттен 37-ге дейін төмендетуді міндет қойып отыр. Ол үшін 300-ге жуық жаңа жобаны іске қосу қажет. Бұл мақсатқа қазынадан 600 млрд теңге бөлініп, оператор банктер де белгіленіп қойған. Бір айдың ішінде кәсіпкерлерден 35 млрд теңгенің 30-дан астам өтінімі түсіп үлгерген екен.
Асқар Мамин, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:
- Болжамға сәйкес, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарларын өңдеу көлемі 4 триллион теңгеден 9 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Сол кезде бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл - аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет.
Ал, елімізде ақсап тұрған, бірақ күнделікті тұрмыста аса қажетті құрылыс, жеңіл және жиһаз өнеркәсібін дамыту бойынша арнайы жол картасы әзірленді. Ол жүйелік кедергілерді жоюға септігін тигізбек. Ерте басталып, 1,5 сағатта аяқталған Үкімет отырысынан кейін министрлер журналистер сұрақтарына жауап берді.
Баға тұрақтылығына байланысты сұхбат берген Руслан Дәленов өткен аптадағыдай тағы да көрнекі құралдарын өзімен бірге ала келіпті.
Ұлттық экономика министрі «бағаның бұлай аспандап кетуіне сатушылардың өзара келісіп, мереке алдында әдейі жоғарылатуы себеп болуы мүмкін», - дейді. Қазір бұл жайт бойынша табиғи монополияларды реттеу агенттігі тексеріс жүргізіп жатыр.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ