Отандық өндіріске қолдау күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық өндіріске қолдау күшейеді

05.03.2019

Үкімет басшысы Асқар Мамин алдағы 7 жылда елімізге әкелінетін импорттық тауарлардың үлесін 1,5 есе төмендетуге уәде беріп отыр. Бүгін Үкіметтің отырысында Премьер-Министр отандық өндірістің әлеуетін арттырып, қазақстандық өнімнің көлемін көбейтуге байланысты негізгі міндеттерді атады.

2025 жылға дейін елімізде 300-ге жуық жаңа жоба іске қосылады деп жоспарлануда. Үкімет басшысы «алдағы 7 жылда қарапайым заттар экономикасының көлемі екі есеге артады», - дейді. Осылайша импорттың үлесі 59 проценттен 37 процентке дейін түседі. Былтыр Ақордада өткен жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев банктерге қосымша 600 миллиард теңге бөлуді тапсырған еді. Бұл қаржыға өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортқа бағытталған жобаларды қаржыландыру көзделген. Бүгінде бұл бағдарламаға екінші деңгейлі 5 банк қатысуда. Бір айдың ішінде кәсіпкерлерден 35 млрд теңгенің 30-дан астам өтінімі түсіп үлгерген.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:

- Болжамға сәйкес, 2025 жылға қарай қарапайым заттар экономикасы тауарларын өңдеу көлемі 4 триллион теңгеден 9 триллион теңгеге дейін ұлғаяды. Сол кезде бүкіл Қазақстан бойынша 16 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бұл - аса маңызды әлеуметтік-экономикалық міндет.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу