«Нұр Отан»: Жасампаздық жолындағы 20 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан»: Жасампаздық жолындағы 20 жыл

27.02.2019

Қазақстан бүгінде тұрақты даму жолында. Экономикасы күннен-күнге өркендеген қуатты мемлекетке айналып келеді. Оған Тәуелсіздік алған жылда құрылған «Нұр Отан» партиясының ізі айшықты. Партия «Қазақстан-2050 стратегиясы: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиялық бағдарламасын негізге алып, ел дамуына елеулі үлес қосып келеді. 20 жылда партияға мүше қазақстандықтардың саны 1 млн-нан асты.

Еліміз Тәуелсіздік алып, жалпыхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев Президент болып сайланғаннан соң, 7 жылдан кейін отанымыздың даму стратегиясын жүйелейтін саяси партия құрылды. Президент жүйелі жоспар құрып, білікті кадрларды жасақтады. Мамандар алыстан емес, жақыннан табылды.

Сергей Терещенко, «Отан» РСП төрағасының міндетін атқарушы (1999-2002 жж.):

- Штаб өз міндетін атқарды. Біз сайлауда жеңіске жетеміз. Әрі қарай не істейміз? Жұмыс жүйелі қойылған, білікті мамандар жиналған. Осы жұмысты тоқтата салуымыз дұрыс емес қой. «Одан да осы штабты біз партияға айналдырайық»,- деп Нұрсұлтан Әбішұлына ұсыныс тастадық. Ол кісі жымиды да, жақсы идея деп қабыл алды. «Отан» деген атауды да құп көрді. Партияны өзің тізгіндейсің бе деді. Әрине, сеніп тапсырсаңыз тізгіндеймін дедім. Осылай, идея іске асты.

Осылайша, бүгінгі «Нұр Отан» партиясы 20 жыл бұрын «Отан» болып халықтың қалауымен құрылды.

1999 жылдың 12 ақпанда партия ресми тіркелді. Осы жылдың 1 наурызында «Отанның» І съезі өтіп, онда Нұрсұлтан Назарбаев бірауыздан партия төрағасы болып сайланды. Дәл осы съезде «Отан» партиясына 4 партия қосылды.

Бақытжан Жұмағұлов, «Отан» РСП төрағасының міндетін атқарушы (2005-2007 жж.):

- «Еңбек» саяси партиясының алғашқы басшыларының бірі болдым. Біз 2002 жылы саналы түрде «Отанға» қосылдық. Содан бері мен осы «Нұр Отан» партиясының мүшесімін.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Өткен сайлау халықтың қолдауын, өзгерістерге белсенді атсалысуға асық екенін айқындап берді. Ортақ мақсат-мүддеге бірігуге дайын екендіктерін көрсетті. Сондықтан «Отан» партиясы тек Қазақстан үшін ғана емес жаһан жұрты үшін қиын жағдайда құрылып отыр. Соған қарамастан, партия елде реформа құруды қолға алды.

Қоғамды бір арнаға тоғыстыру оңайға соқпады. Бірақ дамудың дара жолын таңдаған Президент соңынан елді ерте білді. Партияға сенім артты. 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті. Осылай, халық өз таңдауын жасады.

Әділбек Жақсыбеков, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары (2008 ж.):

- Партия халыққа жақын болуы тиіс еді. Алда тұрған үлкен міндеттердің бірі партияға біріккен күшті топтастыру болды. Өйткені біз халықтық партияға айналуымыз үшін бұл жерге нақты істің адамдарын жинау қажеттілігі туды.

2006 жылдың желтоқсаны. Партияның X съезі. Осы жерде көпшілік дауыспен «Отан» «Нұр Отанға» өзгертілді. 2009 жылы партияға 10 жыл толды. Дүниежүзін дағдарыс жайлаған тұста «Нұр Отан» өңірдегі жұмыстарды күшейтіп, ел өмірінде маңызды орынға ие болады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкімет пен әкімдер маңызды шешім қабылдар кезде партия басшыларымен кеңесіп отырғаны жөн. Партия халықтың проблемаларына жедел әрекет етіп, жүйелі жұмыс жүргізуі тиіс. Тек, бірінші тоқсанда «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты қоғамдық қабылдауына 1530 шағым келіп түскен. Бұл – халықтың партияға сенетінін көрсетеді. Халыққа белсенді көмек көрсетуді жалғастыру керек.

2009 жылы Президент партия алдына жаңа міндеттерді қойды: 2020 жылға дейінгі партияның жаңа бағдарламасын әзірлеу, халықпен тікелей байланыс орнату, басқарушы кадрларды және партияның ішкі саяси жұмысын нығайту.

Нұрлан Нығматулин, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары (2009-2012 жж.):

- Есімде, бағдарлама жобасы бойынша жұмыс басталғанда Елбасы оның әр кезеңін жіті бақылады. Қолында қарындашы бар, бағдарлама жобасын оқып, түзетулерін енгізді. Ескерту айтып, кеңес берді. Елбасының осы жұмысты үйлестіргені сонша - бүкіл халық осы бағдарламаның жасалуына атсалысты.

Қоғамдық қабылдау өз тиімділігін көрсетті. Халықтың күрмелген күрделі мәселелері осы жерде шешіліп жатты. Бүгінде «Нұр Отанның» 231 қоғамдық қабылдауы бар. Осы уақытта 1 млн 600 мыңнан астам шағым қаралса, оның 32% оң шешіліпті.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары (2013-2015 жж.):

- Мемлекет басшысы айтпақшы мемлекеттік қызметші ол халыққа қызмет етуші. Ал, халыққа қызмет көрсету дегеніміз – ол ашықтық, қолжетімділік және кері байланыстың болуы. «Нұр Отандағы» жұмыс тәжірибе мені сезімталдыққа үйретті. Яғни, біреудің проблемасын тек тыңдау емес, оны сезіне білуді түсіндім.

Партияның әлеуетін ашу, адами ресурстарды дамыту және сананы жаңғырту. Бұл – «Нұр Отан» партиясы алдында тұрған қазіргі міндеттер. Мақсат – дамыған 30 елдің қатарына ену.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Түйіндейтін болсақ, біздің барлық салаға жүргізіп жатқан жаңғыртуымыз, жобаларымыз, жұмыстарымыздың бәрі біздің азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталып отыр. Партия халық үшін жұмыс істейді. Мемлекет басшысы айтқандай, біз халыққа қызмет етеміз. Партия жұмысының мәні осында.

«Нұр Отан» - нақты істердің партиясы. Оны 20 жылда дәлелдеді. Президент ұстанған саяси-экономикалық бағыт жетістіктер мен жеңістер бастауы болды.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу