Әлеуметтің әлеуетін арттыру – басты міндет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлеуметтің әлеуетін арттыру – басты міндет

26.02.2019

Ел дамуы жолындағы тапсырмаларды тыңғылықты орындау – басты міндет. Бүгін «Нұр Отан» партиясының жер-жердегі өкілдері төрт көз түгел елорда төріне жиналды. Ертең партияның кезекті XVIII съезі өтпек. Осы ретте делегаттар топқа бөлініп, Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмаларының іске асырылу барысын, бес әлеуметтік бастаманы, сондай-ақ, алдағы онжылдыққа арналған партияның мақсат-міндеттерін тағы бір мәрте пысықтап алды. Себебі әуелден партияға артылған жүк әлеуметтің әлеуетін арттыру болатын.

Күшті бизнес – мықты мемлекет. Қазір елімізде шағын кәсіпкерлікті дамытуға барынша мән беріліп келеді. Мақсат – бизнесті дамыту арқылы халықтың табысын арттыру. Былтыр елімізде кәсіпкерлікті несиелендіру 11 пайызға төмендеген. «Жаңадан жасақталған Үкіметтің ендігі міндеті – қаржыландыруды еселеу»,-дейді жиналғандар.

Эльдар Жұмағазиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Үкіметтің құрамын қарайтын болсақ, экономиканың дамуына байланысты тәжірибесі бар адамдар деп есептеймін. Премьердің өзіне келетін болсақ, нақты секторда жұмыс жасаған азамат. Сондықтан министрлер кабинетімен кәсіпкерліктің мәселесін толық талқылап шешуге дайынбыз.

Импортты ығыстыру да - күн тәртібінде. Себебі бұл инфляцияның өсіміне әсер етіп, отандық бизнестің дамуын тежеп тұр. Осы ретте шығыны аз, түсімі мол отандық өнімнің үлесін арттыру аса маңызды.

Мейрам Пішембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Инфляцияға әсер ететін - импортпен келетін тауарлар. Сол импортты азайтып, өзіміздің тауарларды көбейтуге талап қойылды. Осы мәселені қазір талқылайтын боламыз.

Әлеуметтің әлеуеті де – ұдайы мемлекеттің назарында. Елді әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнамалар мен түрлі бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар баршылық. Тек көпшілігінің одан хабары жоқ.

Бибігүл Секербекова, Қарағанды облысы Балқаш қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

- Халықпен тығыз жұмыс жасау керек. Өйткені мемлекет тарапынан әл-ауқатты көтеретін қаншама бағдарламалар бар.

Ұлт саулығы – ел байлығы. Осы ретте алдағы уақытта еліміздегі денсаулық сақтау нысандарына тексеріс күшейеді. Көп өңірдегі медициналық мекемелер әбден тозған. Тек бір Алматы облысында 60-тан астам нысан күрделі жөндеуді қажет етеді. Дәрігерлерге де талап қатаңдатылады.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі

- Біз биыл да медициналық институттарды бітірген мамандарды тікелей жаңа заң негізінде мемлекеттік мекемелерге, ауылдағы ауруханаларға, емханаларға жіберіп, 3 жыл жұмыс істеткіземіз. Ол міндетті. Себебі мемлекет тарапынан оқуға жіберілген студенттер сол мемлекетке 3 жыл жұмыс жасауы керек. Біріншіден, дәрігерлері жетпейтін ауруханаларға, емханаларға, жібереміз.

Биыл Жастар жылы деп жарияланды. Арнайы Жол картасы бекіді. Мақсат – жас қазақстандықтар үшін көкейкесті түйткілдерді шешу. Әсіресе, жастар үшін үй мәселесі күйіп тұр. Елімізде 4 млн жас болса, соның 62,5 пайызы шектеулі шаршы метрге зар.

Сапалы білім, тұрақты жұмыс, жоғары жалақы және өзге де өзекті мәселелер әңгіме өзегі болды. Қысқасы, съезд қарсаңында сан алуан тақырыптарға арналған панельдік сессиялар өтіп жатыр.

Мемлекеттік аппараттың жаңа форматын қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мәселелері де ұмыт қалмады. Жиналғандар партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын жүзеге асыру жолдарын сөз етті. Аталған құжат ертең Мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде таныстырылмақ.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу