Жаңа министр жалақының аздығын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңа министр жалақының аздығын айтты

18.02.2019

Ішкі істер органадары қызметкерлерінің жалақысы өзге құқық қорғау органдарымен салыстырғанда 10 пайыздан 50 пайызға дейін төмен. Жақында тағайындалған еліміздің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев қарамағындағы қызметкерлердің айлығы төмен екенін айтты.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында бүгін Ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік мәселесі қаралды. Министр 10 жылға дейін еңбек өтілі бар полиция сержантының орташа жалақысы 84 мың, лейтенант, майор шеніндегі қызметкерлердің жалақысы 110 мыңнан 147 мың теңге аралығында екенін айтты. Ал, басқа күш құрылымдарында жалақы айтарлықтай жоғары көрінеді. Мысалы, орталық аппарат деңгейінде прокуратура қызметкерлерінің жалақысы Ішкі істер министрлігімен салыстырғанда 47 пайызға көп. Осындай себептермен ішкі істер органдарынан өз еркімен кететіндер саны күрт артқан. Ішкі істер органдары қызметкерлернің баспана мәселесі де өзекті. Қазіргі уақытта 35 мың қызметкер үй кезегінде тұр. Ал, коммуналдық қызметтер мен үйді ұстап тұруға 3700 теңгедей ғана төленеді екен. Министр бұл көмек мөлшерін 20-30 мыңға дейін өсіріп, одан кейін жыл сайын инфляция деңгейінде арттырып отыруды сұрады.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Екінші жартыжылдықта реформа аясында қызметкерлердің жалақысын ішкі резервтер есебінен өсіруді жоспарладық. Бұл жеке құрамды 10 пайызға азайту мен республикалық бюджеттен бөлінетін 20 млрд теңгеге жүзеге асады. Ең алдымен патрульді полиция қызметкерлерінің жалақысын 65 пайызға өсіреміз. Себебі олардың жалақысы қазір ең төмен болып саналады.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу