Жастар баспаналы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар баспаналы болады

18.02.2019

Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер қарастырылған және ол жалға алу тәртібімен іске асырылады. Астана мен Алматыда - 350, Шымкентте 300 пәтер салынбақ. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтылды.

Пәтердің шаршы метрі 180 мың теңге, пәтер аумағы 40 шаршы метр болады. Пәтер алуға үміткерлердің жасы 29 жасқа дейін деп айқындалды. Жастар міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. «Бізде балдық жүйе ескерілген. Ұсынылған мерзім бойынша пәтер 3 жылға беріледі, осыдан кейін комиссия шарттың мерзімін ұзартуды қарастырады. Бұл бағдарлама бойынша жас отбасы пәтер алған кезде тұрғын үй банкінде бірден есепшот ашуы тиіс. Ал, кезекке тоқталсақ, аталған қалаларда жастар кем дегенде 3 жыл тұруы керек. Әзірге, осының барлығы жобада ұсынылды»-деді Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.

Дархан Кәлетаев, ҚР Қоғамдық даму министрі:

- 3 жылға 120 миллиард теңге бөлініп жатыр. 90 пайызы әлеуметтік салаға бөлініп жатыр.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылықты, қылмыскерлікті алдын алу жөніндегі жұмысты жетілдіру қажеттігіне тоқталды. «Бұл проблемаға жан-жақты, жүйелі түрде қарау керек», - деді.

Гүлмира Исимбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:

- Жастар мен мектеп жасындағы балалардың бос уақытын ұйымдастыру мәселелерін шешу, облыс және аудан орталықтарында ғана емес, ауылдарда да музыка, көркемөнер, спорт мектептерінің, клубтардың, орталықтардың желісін кеңейтіп, жергілікті туризм, өлкетануды жандандырған орынды болар еді.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу