Ауыл шаруашылығы жерлерін жалға берудің тетігін өзгерту қажет. Бүгін Мәжілісте үкіметтік емес, қоғамдық ұйымдардың, министрліктердің өкілдері ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі бойынша дөңгелек үстел өткізді. Үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері өз ұсыныстарын айтты. «Осы күнге дейін қоғамда қызу талқыланып келе жатқан мәселеге енді нүкте қоятын кез келді», - дейді олар.
«Елімізде жекеменшік институтының көзін жойып, жал институтын енгізу маңызды», - дейді мамандар. Жердің жал нарығы тек қана Қазақстан азаматтары арасында және 100 пайыз қазақстандық фирмалардың арасында болуы керек. Нарық ашық әрі электронды жүргізіледі.
Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан атындағы қордың президенті, Жер реформасы бойынша комиссия мүшесі:
- Жерді жалға алдың ба, сол жылдан бастап, сен бірыңғай салықты төлеуің керек.
Қоғам белсендісі, Жер реформасы бойынша комиссияның мүшесі Айгүл Орынбек «жерді ұтымды пайдалансақ, талай шаруа тұрмысын түзейді»,- дейді.
Жерді ұтымды пайдалану үшін спутник арқылы қадағалауды енгізу қажет. Ауыл шаруашылығына арналған жерлердің көпжылдық және тиімсіз банктік кепілінен шығару үшін заңды шешім табу керек.
Өзекті мәселені талқылауға үкіметтік емес сектор өкілдері, ауылшаруашылық тауарын өндірушілер, Мәжіліс депутаттары, Ауыл шаруашылығы министрлігі, басқа да мемлекеттік орган өкілдері сәуір айында өтетін Парламенттік тыңдауда талқыламақ. Мәжіліс депутаттары мен Ауыл шаруашылығы министрлігі «барлық ұсыныстар терең зерттеліп, назардан қалмайды», деді.
Индира БЕГАЙДАР
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.