Экс-президент Асқар Ақаев Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Экс-президент Асқар Ақаев Ұлттық арнаға эксклюзивті сұхбат берді

13.02.2019

Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалар тиімді іске асып жатыр. Еліміз экономиканы дамытып қана қоймай, рухани саланың жаңғыруын да ерекше назарда ұстап отыр. Бұл Қырғыз Республикасының тұңғыш Президенті Асқар Ақаевтың пікірі. Мәскеу қаласында өзінің жаңа кітабын таныстырған көрші елдің бұрынғы басшысы әріптесім Нұртас Солтанұлына эксклюзивті сұхбат беріп, еліміз жайлы бірқатар ойларымен бөлісті.   

Асқар Ақаевтың жаңа кітабы Қырғыз елінің болашағы жайлы. Алайда, онда айтылған мәселелер, тұтас Орта Азия елдері үшін өзекті. Экс-Президент өз еңбегінде «Бір белдеу – бір жол» жобасының аясында цифрлы экономикаға басымдық беруді ұсынып отыр.

Автордың ойынша, келешекте жаһан жұрты ақпараттық технологиялар мен интернет және баламалы қуат көздері саласын дамытуға ерекше мән береді. Сондықтан Орталық Азия елдері де осы көштен қалмауы үшін күш біріктіруі керек. 

Асқар Ақаев, Қырғызстан Республикасының экс-президенті:

Цифрлы экономиканы дамыту үшін, міндетті түрде, бірнеше ел бірлесіп жұмыс істеуі керек. Мен бұл тұрғыда банк секторы, электронды қызмет көрсету сынды көптеген бағыттар бойынша Қазақстанның алға кеткенін білемін. Сондықтан, әлбетте, бір-біріміздің тәжірибемізді зерттеуіміз керек. Себебі,  «Жаңа Жібек жолы» - ғаламдық жоба. Оның аясында Қырғызстан, Қазақстанмен және Ресеймен әріптестікті арттыруы керек.

Ұлттық арнаға берген сұхбаты барысында, Қырғызстанның тұңғыш президенті, еліміздің дамуы жайлы да пікір білдірді. Қазақстанда іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтқан Асқар Ақаев рухани саладағы оң өзгерістерді де жоғары бағалады.

Асқар Ақаев, Қырғызстан Республикасының экс-президенті:

Нұрсұлтан Назарбаевтың тың бастамалары, елді дамыту бағдарламалары үнемі тыңғылықты түрде дайындалады. Мәселен, «Қазақстан-2050» бағдарламасының қазір сәтті іске асып жатқанын білемін. Мұның барлығы елдің экономикасын дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыстар.

Жақында Қазақстаның Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы жарық көрді. Меніңше, тек экономикаға ғана басымдық бермей, мәдени-рухани саланың да жаңғыруын назарда ұстаудың маңызы өте зор.

Асқар Ақаевтың ойынша, Қазақстан мен Қырғызстанның қазіргі қарым-қатынасы берік. Енді қос тарап, алдағы уақытта да, саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды бекіте беруі тиіс. Себебі қазақ - қырғыз бір туған. 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу