Биыл Еуразиялық экономикалық одақ келісімшартына қол қойылғанына - 5 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл Еуразиялық экономикалық одақ келісімшартына қол қойылғанына - 5 жыл

08.02.2019

Осы аралықта ортақ нарықты қалыптастыруда қыруар жұмыс атқарылды. Алда әлі де бірлесіп жүйелейтін қызметтер жетерлік. Бұл алдымен тауар тасымалдауды цифрландыру арқылы басқару. Ал, жалпы сауда саясатын жақсарту барлық елдің басты мәселесі. «Сондықтан, жүздеген миллион тұтынушысы бар нарықты жаулау – негізгі міндеттердің бірі болуы керек», делінді Сенат қабырғасында өткен Үкімет сағатында. 

Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығына бизнес қауымдастықты тарту маңызды. Өйткені, нарықтың ауқымына қарай пайдасы да мол болады. «Сондықтан, сол мүмкіндіктерді Үкімет тәптіштеп көрсетіп, жөн сілтеп отыруы тиіс», - деді Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев. Алайда, экспорттық әлуетті көтереміз деп бағаның көтерілуіне жол бермеу керек. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- 2025 жылы Еуразиялық экономикалық одақ аясында газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары құрылады. Біз ішкі нарықтағы жанар-жағармайдың бөлшек сауда бағасының өсуіне жол бермеуіміз керек.

Еркін сауда айналымында айтарлықтай жетістік бар. Тек 2018 жылдың 11 айында алыс-беріс 17,1 млрд. долларға жеткен.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Оның ішінде экспорт 10 пайызға өсіп, 5,3 млрд. долларға, ал, импорт 4,6 пайызға ұлғайып, 11,8 млрд. долларға жетті. Экономикалық одақ елдерімен инвестициялар ағыны да өсуде. Былтырғы үш тоқсандағы қорытынды бойынша инвестициялар 31%-ға, яғни, 1,2 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайды.

Дегенмен, үлкен нарыққа дендеп ене алмай жатқан шаруалар да бар. Егіс алқабын әртараптындыруды қолға алған қостанайлық кәсіпкер кедергі Ресейден дейді. Сондай-ақ, негізсіз. Себебі, өңір тері қабынуы бақылауындағы аумақ болған соң ірі қараның бәріне екпе жүргізілуі тиіс. Бірақ көрші елдің талап етіп отырғаны өздерінде тіркелмеген люмпивакс вакцинациясы. Сондай-ақ, шекаралас жерлерде ветеринарлық тексеріс жүйесіз жүргізілетінін айтты.

Дәулет Ахметқалиев, «Астық индустриясы» агрохолдингінің бас директоры:

- Қазақстан Одаққа тең құқылы қатысушы. Мемлекетаралық шарттарды толық орындап отыр. Сөйте тұра, Ресей тарапынан қисынсыз қысымдар жасалуда. Салдарынан тірі малды союға жібере алмаймыз. Ал, біздің өніміміз сапалы, оған сұраныс та жоғары. Саудамызды еркін жүргізе алмай отырмыз.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Уақытты текке кетірмес үшін және барлық тарап тездетіп шешім шығару үшін ол шектеулерді сол бойы қарсы пайдалану керек деп есептеймін. Сол күні-ақ. Тауарларымызды өзге мемлекеттерге өткізбесе, біз де сондай әрекетке бару керекпіз. Ештеңе күтпей жедел сөйтуге тиіспіз. Сосын барып мәселені шеше берсін. Осылай дұрыс болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Сенат депутаты экономикалық одақ аясындағы ірілі-ұсақты проблемаларды күнбе-күн талдап отыратын орган құру қажет деді. Себебі, министрлік түйткілдердің түбіне терең үңіле бермейді. Ал, жаңағы орган әр сейсенбі Үкімет отырысына сараптамасын дайындап отырса делінді. Сондай-ақ, Дариға Назарбаева Сауда министрлігін құру туралы да ұсынысын айтты.  

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу