Мемлекет басшысының Үкіметтің бірлескен отырысында берген тапсырмалары мүлтіксіз жүзеге асуы тиіс. Бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев сейсенбілік басқосуда министрлерге осыны тағы қадап айтты. Сонымен қоса, алдағы күндері еліміздің көп бөлігін қамтитын аяз кезінде төтенше жағдайларды болдырмауды алдын ала ескертті.
Көпқабатты үй иелерін жер салығынан босату керек. Алдымен, мінберге шыққан Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай деді. Шынында 5-ші не 10-шы қабатта тұратын азаматтың жер салығын төлеуі қаншалықты қисынды деген сауал орынды. Министр 2020 жылға дейін тиісті заң қабылданатынын айтты.
Шұжық шығаратын супер зауыттың құны белгілі болды. Жылына 20 мың тонна өнім өндіретін кешенді бастан-аяқ тұрғызу үшін 5,5 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда 3,2 гектар аумақ бөлініп, құрылыс басталып кеткен. Зауыт жыл соңында іске қосылмақ.
Өмірзақ Шөкеев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі:
Құс шаруашылығы бойынша ет өндіру 3 есе көбейеді.
Елбасы «банкрот» деп тану туралы қолданыстағы заңнаманы қайта қарауды қадап айтқан. Президент пәрменінен кейін қолға алынған заң жобасы Парламентке жетіп те үлгерді. Дегенмен, Үкімет басшысы заңды елеп-екшеп барып қабылдауға кеңес берді.
Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:
Бүгінде қолданыстағы заңнама шығынды кәсіпорындарды жедел жабуға мүмкіндік бермейді. Негізгі себеп - субъектіні банкрот деп тану үшін оның дәрменсіздігін анықтауға мүмкіндік беретін айқын ұғымдардың болмауы. Тиісті заң жобасы қазіргі уақытта әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді.
Бақытжан Сағынтаев жыл ортасына дейін «Сапалы Қазақстан» кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Жобаның мән-мазмұны халықаралық стандартқа сай техникалық регламенттер мен нормаларды қамтуды көздейді.
Ғабит БӨКЕНБАЙ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.