Қазақстан мен Еуропалық парламент депутаттарының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Еуропалық парламент депутаттарының отырысы өтті

01.02.2019

Еуропалық Одақ Қазақстанмен барлық салада байланысты бекемдеуге бейім. Өзара іскерлікті нығайту үшін Еуропалық парламент пен біздің елдің депутаттары Брюссельде Парламенттік ынтымақтастық комитетінің XVI отырысында бас қосты. Мәртебелі жиынға Қазақстан делегациясын Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман бастап барды. Отырыста әріптестер жаһандық өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.

Қазақстан мен Еуропарламент депутаттары жылына бір рет кездесіп, ынтымақтастықты арттыру жолдарын қарастырып отырады. Кезекті XVI басқосуға да қос тарап тың дайындықпен келген. Елдің мүддесі, қарапайым халықтың игілігіне қажетті дүниелер мен достықты мығымдау үшін атқарылатын жұмыстар басты назарда.

Мұхтар Ерман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан-Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы:

- Әрбір отырыстың алдында біз әріптестермен 10 шақты тақырыпты белгілейміз. Соның ішінде қауіпсіздік, экономикалық даму, аумақтық қауіпсіздік және интеграция мәселелері бар. Дәл осындай форматта біздің кездесулер Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға өз пайдасын тигізеді.

Андрей Мамыкин, Еуропарламент депутаты:

- Қазақстан мен Орталық Азия елдері Еуроодақ экономикасында маңызды рөлге ие. Себебі сауда қызып тұрса, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қазақстандық депутаттармен өзекті мәселелерді ашық талқылап жатырмыз. Олар бізге көші-қон мәселесі, Брексит бойынша сұрақты жаудыруда. Ашық диалог осындай болуы керек деп ойлаймын.

Тараптар адам құқығын қорғау, есірткі саудасы, жемқорлықпен, лаңкестікпен күрес мәселелерін де талқылады. Сириядағы ахуалды реттеуге бағытталған Астана процесіне, Ауғанстанды қалпына келтіруге күш салып жатқан Қазақстанның бейбіт бастамаларына Еуропарламенттегілер жоғары баға берді.

Ивета Григуле, Еуропарламент депутаты, Еуропарламенттің Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық жөніндегі делегациясының жетекшісі:

- Қазақстан - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелікке сайланған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Қазақ елі кеңеске тек мүше болып қоймай, жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты. Қазақстан осындай халықаралық бастамалармен қатар, елдегі энергетика, білім саласын дамытып, жастардың бәсекеге қабілетті маман болуына бар жағдайды жасап жатыр.

Ивета Григуле де 4,5 жыл бойы Еуропарламент пен Орталық Азия елдерінің арасындағы дәнекері болып, серіктестер қатынасының қарқынды дамуына септігін тигізді. Осы еңбегі үшін депутат Президент Н. Назарбаевтың Жарлығымен мемлекеттік наградамен марапатталды.

Бұл Ивета Григуле үшін, жалпы «Қазақстан-Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің осы құрамы үшін соңғы отырыс болды. Себебі биыл мамыр айында Еуропарламентте сайлау өтеді. Қазақстандық делегация өкілдері жаңадан сайланатын депутаттық топпен де жылдар бойы жүйеленген жұмысты әрі қарай сәтті жалғастырудан үмітті.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу