Қазақстандықтарға салық қарызы туралы SMS-хабарлама жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтарға салық қарызы туралы SMS-хабарлама жіберіледі

28.01.2019

Қазақстанда жыл соңына дейін салық қарызы туралы SMS-хабарлама тарату жүйесі іске қосылады. Ал, 2025 жылы еліміздің Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік қызметтің 95 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты. Оның мәліметінше, алдағы уақытта салық және кедендік алымдарды үйден шықпай-ақ төлеп, құжаттарды электронды жүйеде рәсімдеу қолжетімді болмақ. Ал, депутаттар салықтың ақпараттандыру жүйесінде әлі кемшіліктер бар екенін айтады. Азаматтардың салықтық берешектері туралы ақпарат дұрыс болмай шығады. Көлік иелері туралы деректер базасында 16 млн қате табылған. Яғни, автокөлігін сатып жіберген не болмаса мүлдем көлігі жоқ азаматтарға салықтық қарыз жазылып отырыпты. 2018 жылы мемлекеттік органдардың мәліметтер базасында да 5 млн қате анықталған. Жалпы, 1999 жылдан 2018 жылға дейін Қаржы министрлігіне цифрландыру үшін республикалық бюджеттен 78,5 млрд теңге бөлінген. «Бұл қаражатқа осы күнге дейін барлық межені орындап, мақсатқа жетуге болар еді», - дейді депутаттар.

Омархан Өксікбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл қаржының бәрі қайда кетті? Не енгіздік сонда? Салық органдарына барсаңыз, қазір ғимараттарын кеңітіп, бөлмелер жасаумен әлек. 200 миллиардтай ақша түспей отыр дейді. Бұл ақша біздің қанша әлеуметтік мәселемізді шешер еді.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу