«Нұр Отан» партиясы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Нұр Отан» партиясы әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетеді

16.01.2019

Астанадағы әлеуметтік шеберханаға барған партия төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия қызметін жаңғырту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарымен бөлісті. Қайта жаңғыртылған «Кедергісіз келешек» жобасының да көздегені - мүмкіндігі шектеулі жандардың көкжиегін кеңейту.

Бұл жас азаматтардың денсаулықтарында кінәраты болғанымен, мүмкіндіктері шектеусіз. Әлеуметтік кафеде өздері ас дайындайды, осылай күн көріп отыр. Ал, ұзақ жылдар бойы мұғалім болып, аяқ астынан инсульт алып, мүгедек болған Айнаш үшін де еш кедергі жоқ. Ол қазір тігінші.

Айнаш Тұяқова, тігінші:

- Жұмысқа орналасқаныма 9 ай болды. Жалақымыз көңілімізден шығады. Аптасына 5 күн жұмыс істейміз.

Шеберхана психоләлеуметтік орталығында орналасқан. Сондықтан, мұндағылардың басым бөлігі созылмалы ментальді ауытқушылыққа шалдыққан. Балалар да, ересектер де келіп, үйреніп, шығармашылықпен де айналыса алады.

Кәсіпкер Эмин Аскеров осыдан төрт жыл бұрын Назарбаев университетіндегі жұмысын тастап, әлеуметтік шеберханасын ашты. Ол ақша, пайда табу емес, мәрттік жасағысы келді. Бұл жерде мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытады, жұмысқа орналастыру үшін қажетті жағдай жасайды. Темір, ағаш, дәнекерлеу, безендіру цехтары, типография бар.

Эмин Аскеров, кәсіпкер:

- Осы жылдар аралығында 450-ге жуық адамды оқыттық. Енді жатақхана салсақ деген ой бар. Қазір әкімдіктен жер сұрап отырмыз.

«Нұр Отан» партиясы да әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетеді. Өйткені, қазір жасыратыны жоқ, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуы үшін қиындықтар көп.

Мемлекет тарапынан қолдау бар, оны дұрыс пайдалана білу керек. Партия бизнес өкілдерін әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға жұмылдырмақ. Жауапты министрлік қажетті нормативті-құқықтық базаны қабылдап, нақты норма жасау керек. Осындай әлеуметтік шеберханаларды барлық республика бойынша ашып, тәжірибе енгізілмек.

Индира БЕГАЙДАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу