Жыл қорытындысы: Қазақстанның сыртқы саясаты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Қазақстанның сыртқы саясаты

24.12.2018

Енді өтіп бара жатқан жылы қоғамның әр саласында атқарылған қызметтердің қорытындыларына тоқталып өтейік. Алдымен сыртқы саясат саласынан бастасақ. Ресей, АҚШ, Еуропа елдері мен Қытай көшбасшыларының кездесуі келер жылы Астанада өтуі мүмкін. Қазақстанның бастамасын қазірдің өзінде Германия қолдап отыр. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді. Жалпы, еліміз үнемі түрлі ғаламдық өткір мәселелер бойынша келіссөздер жүргізетін алаң ретінде табысты жұмыс атқарып келеді. Биыл да маңызды жиын аз болмады. Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның сыртқы байланысы мен саясаты бағытында жыл бойы атқарған ауқымды шараларын қорытындылады. Сонымен, алыс-жақынмен қату емес, тату болуды қалайтын еліміздің сыртқы саясаттағы елеулі істерін еске алсақ.

Ит жылы еліміздің сыртқы саясаты үшін игілігімен келген еді. Қаңтарда Нью-Йоркте өткен жиын - Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы барысындағы негізгі шара. «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары». Нұрсұлтан Назарбаев осы тақырыпта баяндама оқып, әлемде бейбітшілік орнатып, жекелеген елдер арасындағы текетіресті тоқтату керектігін баса айтты.

 Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Біз Тәуелсіз ел болып, мемлекеттігімізді нығайттық және ядролық қарудан бас тарттық. Сол арқылы халықаралық беделімізді арттырып, ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық. Осы ретте, Солтүстік Корея елінің басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз.

Қазақ елінің Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшесі ретінде биыл қол жеткізген басты жемісі – БҰҰ штаб-пәтерінде Елбасымыздың бастамасы «Терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібі» кодексі таныстырылып, бұл құжатты бірден 76 ел қолдады.

Бейбіт өмірге үндейтін үрдістердің бірі – Астана процесі. Сириядағы жағдайды оңалтып, тараптарды татуластыру үшін алаң ұсынған Қазақ елінің ынтасы ырысқа әкелетін түрі бар. Елордада өткен 11 жиыннан кейін Сириядағы шиеленіс шешілмесе де, қарулы қақтығыстар біршама азайған.

Каспий «бестігінің» бесінші саммиті кезінде де күрмеуі күрделі мәселенің шешімін табуға қадам жасалды. Тарихи сәт - Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды. Бестік барлық тарап үшін тиімді келісімдерге келіп, инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын болды. Жалпы, биыл Қазақстан сыртқы саудасын нығайтып, елге қомақты қаржы тарта білді.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Транзиттік-көліктік әлеуетін ілгерілету, еліміздің өңірмен және әлеммен байланысын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, біздің есебіміз бойынша 2017-2018 ж.ж. аралығында шамамен 13,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын 36 жоба іске қосылды.

Биыл сондай-ақ, Еуропалық одақ пен еліміздің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толды. Қазақстанның бауырлас түркі елдерімен де байланысы бекемдей түсті. Алыс алыптармен де араздаспай, қолаңмен де қату болмай, саясат ұстанған еліміз келер жылы да осы бағыттан таймауды көздеп отыр.

Альбина ӘШІМ 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу