Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия 20 жылда атқарған жұмысын қорытындылап, гендерлік теңдікке арналған жиын өткізді. Ұлттық комиссияның төрайымы, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ел ісіне белсенді араласып жүрген қыз-келіншектерге қойылған міндеттерді атап өтті. Олар 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының орындалуын, әйелдердің ғана емес, ер адамдардың да құқықтарының тең дәрежеде сақталуын қадағалау. «Гендерлік теңдік – тек қыз-келіншектердің мүддесін ескеру» деген түсінік жаңсақ», - дейді комиссия мүшелері.
Жалпы, бүгінде қыз-келіншектер қоғамның барлық саласында белсенді. Депутаттардың жалпы санының 22 пайызы, мемлекеттік қызметте 55 пайызға жуығы әйел. Шағын және орта бизнесте 500 мыңнан аса компанияны әйелдер басқарады.
Ләззат Сүлеймен, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде әйелдер билікке таласып жатқан жоқ. Әйелдер қоғам үшін жауапкершілікті бөлісуге ұмтылып жатыр. Өйткені, әйел жүрген жерде әлеуметтік, қоғамдық мәселе, отбасы мәселесі шешіледі. Сондықтан, гендерлік теңдікке қатысты барлық мәселелер біздің ұлттық кодымызда жазылған құндылықтарымыздың негізінде дамуы тиіс.
Альбина ӘШІМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.