Бұл туралы олар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы адам құқықтары жөніндегі диалогтың Брюссельде өткен 10-шы отырысында мәлімдеді. Басқосуда тараптар адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдік етуі, сот жүйесі, азаматтық қоғамды дамыту сынды өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Еуропалық Одақ өкілдері Қазақстандағы қылмыстық істерді электрондық түрде тергеп-тексеру жүйесін жоғары бағалап отыр. Айтуларынша,мұндай формат - дәлелдерді бұрмалаудың және одан өзге заң бұзушылықтардың алдын алуға сеп. Қазақ елі түрме индексі бойынша да оң нәтиже көрсетіп отыр. 27 жыл ішінде қамаққа алынғандардың саны 66 мыңға қысқарған. Қылмыс деңгейі биыл 16 пайызға төмендеді. Құқықтық саланы одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Еуроодақтың құқықтық көмек көрсету жөніндегі конвенциясына қосылуға ұсыныс білдірді.
Марат Ахметжанов, ҚР Бас Прокурорының орынбасары:
- Құқық үстемдігі деген индекс бар. Сол индексте Қазақстан бір жыл ішінде 9 позицияға көтеріліп отыр. Бұл - біздің заңнамаларымыз халықаралық стандартқа сай келеді деген белгі. Еуроодақ сарапшылары мұны қарап, біздің заңнамаларымызға оң баға беріп отыр. Әрине, бұл заңнамаларды біз тек қана сол Еуропаның заңнамаларына ұқсаймыз, деп қабылдап жатқан жоқпыз. Бірінші, мемлекеттің мүддесін, халқымыздың, азаматтарымыздың құқығын қорғауға салдары тимесін деп, жан-жақтан қарап, сараптама жасап, қабылдап отырмыз.
Нұрсұлу ҚАСЫМ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.