Каспий – 5 елге ортақ теңіз. Сондықтан, оның экологиясын қорғау да, экономикасына дамыту да барша тарапқа тиесілі міндет. Мәскеу қаласында өткен «Каспий диалогы» форумының қатысушылары осындай пікірде. Каспийді жағалай қонған 5 мемлекеттің өкілдері қатысқан жиында биыл Ақтауда қбылданған конвенция жан-жақты талқыланды. Тараптар осы тарихи құжаттың арқасында енді экономика, экология, туризм, қауіпсіздік және гуманитарлық саладағы байланыстарды арттыру керек деп отыр.
Биыл жазда Ақтау қаласында қол қойылған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның маңызы өте зор. Бүгінгі Мәскеудегі форумға қатысушылар «бұл құжаттың тарихи мәні бар» деп атады. Себебі, дәл осы конвенцияның негізінде енді Қазақстан, Ресей, Иран, Түрікменстан және Әзірбайжан тарапы екіжақты немесе көпжақты байланыстарды дамыта алады. Ал, Каспий өңірі - қай жағынан алып қарасаңыз да, өте бай аймақ. Сондықтан, алдағы уақытта Каспий теңізі маңында іске асатын бірлескен жобаларды тездету керек. Себебі, мамандардың айтуынша, осы Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны бекітуге онсыз да 20 жылдан астам уақыт кетті, сондықтан, алдағы уақыттағы байланыстарда уақытты үнемдеген жөн.
Дмитрий Савельев, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты:
- Конвенцияның негізгі тұстарын іске асыру туралы жұмыстар басталып кетті. Енді бұл құжат барлық елдің тарапынан ратифицациялануы керек. Ресей тарапы бұл істі барынша тездетуге тырысады. Дегенмен, Ақтауда қабылданған конвенцияның өзін үлкен жеңіс деп айтар едім. Себебі, бірқатар салалар бойынша әріптестікті дамытуға аталмыш құжаттың болмауы кедергі болып келген.
Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығы сан қырлы, әрі оның келешегі зор. Егер де жекелеген салаларды алып қарайтын болсақ, әлбетте, бірінші кезекте экономика тұр. Себебі, Каспий теңізінің көмірсутегі ресурстарына бай екенін ескерсек, бұл тараптағы ынтымақтастықтың барлық жаққа пайда берері сөзсіз. Екінші кезекте, әрине, Каспийдің байлығы – ол биоресуртар. Алайда, тараптар балық шаруашылығын дамытумен қатар, экологиялық қауіпсіздікті де ұмытпауы керек. Сонымен қатар, осы Каспий маңындағы терроризммен күрес, есірткі тасымалына тосқауыл қою және де мәдениет, гуманитарлық саладағы байланыстарды дамытудың маңызы өте зор. Сонымен қатар, Каспий теңізіндегі 5 мемлекет туризмді дамытуды да шындап қолға алуы керек. Бұл тұрғыда Ресей тарапының мәлімдеуінше, қазір бұл елде круизге арналған үлкен лайнердің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұл кеме Каспий теңізіне жіберілетін болса, осы аймақтағы 5 мемлекеттің азаматтары бір-біріне саяхаттау арқылы туристердің саны еселеп артары сөзсіз. Бүгінгі форумда айтылған негізгі ойлардың қысқаша жиынтығы осы.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.