Бүгін Астанада әлемнің жетекші сарапшылары мен саясаткерлері және 10-ға жуық мемлекеттің бұрынғы басшылары келді. Олар дәстүрге айналған «Астана клубының» 4-ші отырысына қатысуда. Бұл жиын қазіргі таңдағы жаһандағы өзекті мәселелерді талқылау ғана емес, маңызды мәселелердің шешу жолдары да ұсынылатын алаңға айналып отыр. Биыл «Астана клубының» қатысушылары Еуразиядағы сын-қатерлерге назар аударып, олардың рейтингін тізбек.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Астана бүгінде әлемнің аузы дуалы сарапшыларының бас қосып, пәтуа жасайтын мекеніне айналып жүр. Бүкпесіз ой, ашық пікірталас алаңына айналған «Астана клубының» отырысы осымен төртінші жыл қатарынан өтуде. Биылғы клубтың басты талқылайтын мәселесі 2019 жылы Еуразия құрылғына төніп тұрған қауіп-қатерлер. Осы тақырыпта арнайы зерттеу жүргізілген. Оған әлемнің 60-тан астам мемлекетінен 1000-нан астам сарапшы қатысты. Сонымен қатар, 30-ға жуық экс-мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдар және ірі бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері өз ой-пікірлерін білдірген.
Ариэль Коуэн, Атлантикалық кеңестің аға сарапшысы:
- Әлемдік жүйе қиын кезеңнен өтіп жатыр. Сынақтар мен тұрақсыздық артып келеді. Бұл Орталық Азия сынды тұрақты өңірге де өз әсерін тигізуі мүмкін. Алпауыт державалар арасында текетірес күшейіп келеді. Біздің мақсат - оның алдын алып, өзара келісім нүктелерін табу. Әрине, бүгінгі таныстырылып жатқан зерттеу жұмысы жоғары сапаға ие. Мен бұған дейін осы секілді әлемдік зерттеулерді көрдім. Алайда, дәл осындай жоғары деңгейдегі өнімді дайындау ұйымдастырушылардың үлкен жетістігі деп айтуға болады.
Әлемдегі беделді сарапшылардың пікірінше, Еуразиядағы күйіп тұрған мәселелердің көшбасына АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі тұр. Сонымен қатар, кең ауқымды сауда соғыстары, Таяу Шығыстағы үлкен соғыс және Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынасының одан ары нашарлауы рейтингтің ең басында тұр. Осы орайда, Еуразия қатерлі кезеңге таянды деуге болады. Ол не бірігуі, не жаһандық шиеленістің алаңына айналуы мүмкін. Бұл дилемманың шешілуі алдағы жылдардың еншісінде. Еуразиядағы үдерістердің эпицентрінде орналасқан Қазақстан үшін барлық қарама-қайшылықтардың бейбіт түрде, әрі ортақ келісіммен шешілгені аса маңызды.
Уэлдон Курт, АҚШ Қауымдар палатасының бұрынғы мүшесі:
- Әлемнің геосаяси картасында Қазақстанның орны ерекше. Себебі, сіздердің елдеріңізбен әлемнің алпауыттарының барлығы, АҚШ, Қытай, Ресей және Еуропа елдері санасады. Қазақстан әрдайым оң өзгерістерге ұмтылады. Өңірлік проблемаларды бейбіт шешуге түрлі қадамдар жасап жүр. Бүгінгі форум соның нақты бір айғағы.
Клуб отырысына саяси истеблишменттің өкілдері қатысуда. Мәселен, Еурокомиссияның бұрынғы басшысы Жозе-Мануэль Баррозу, Ауғанстанның экс-президенті Хамид Карзай, Түркияның бұрынғы мемлекет басшысы Ахмет Давлотоғлу сынды қатысушылар бар. Бүгінгі клубтың отырысы «чатэм хаус» режимінде, яғни, бұқаралық ақпарат құралдары оған қатысып жатқан жоқ. Спикерлер түйген ойлары мен пікірлерін арнайы шығып беруде. Ертең клуб отырысының жұмысы жалғасады. Онда Еуразиядағы өзекті мәселелермен қатар, Орта Азияның әлемдік геосаясаттағы орны мен рөлі талқыланбақ.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.