Сириядағы қақтығыстың тоқтауына атсалысып жүрген Астана процесінің жұмысына Түркия оң баға берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сириядағы қақтығыстың тоқтауына атсалысып жүрген Астана процесінің жұмысына Түркия оң баға берді

07.11.2018

Сириядағы қақтығыстың тоқтатылуы үшін атсалысып жүрген Астана процесінің жұмысына Түркия тарапы оң бағасын берді. Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык журналистермен болған брифингте Қазақ елінің Сирия мәселесіне қатысты қолдауы үшін алғыс айтты. «Астана процесі тығырыққа тірелген Женева процесіне жаңа дем беріп қана қоймай, уақытша достық бітімінің күшейтілуіне сеп болды», - дейді түрік елшісі. Сондай-ақ, Невзат Уянык Қазақстан мен Түркияның гуманитарлық дипломатия бағытында атқарған шараларына тоқталып кетті. Қос мемлекеттің ізгілік істерінің бірі - Бангладештегі Араканлы босқындарына көрсетілген көмек. Түріктердің ТИКА және қазақстандық КАЗЭЙД ұйымдары арқылы оларға 500 мың доллар көлемінде ақша жіберілді. Палестиналық босқындарға да екі ел қол ұшын созған еді.  

Невзат Уянык, Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- Түркия әлемде ең көп босқын қабылдап отырған ел болып отыр. 8 жылда біздің елге келген сириялықтардың саны 3,5 миллионнан асады. 600 мыңнан астам сириялық бала қазір бізде білім алып жатыр. Сондай-ақ, Түркия палестиналық босқындарға да көмек көрсетіп келеді. Былтыр біз палестиналық босқындар ісімен айналысатын Таяу Шығыс агенттігіне 1,5 миллион АҚШ долларын бөлдік. Бұдан бөлек, өткен жылы 15 мың тонна, ал, биыл 26 мың тонна ұн жеткізілді. Осы сәтті пайдаланып, палестиналық босқындар ісімен айналысатын Таяу Шығыс агенттігіне көрсеткен көмегі үшін Қазақстанға да алғыс айтқым келеді.  

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу