ТМД елдері үкімет басшыларының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ТМД елдері үкімет басшыларының отырысы өтті

02.11.2018

Ядролық апаттан сақтасын. Алайда, «сақтықта қорлық жоқ» демекші, ТМД елдері мұндай төтенше жағдайдың алдын алудың амалдарын қарастырып жатыр. Ол үшін Достастыққа мүше мемлекеттер ядролық апат кезінде хабарландырудың бірыңғай жүйесі қажет деп шешті. Астанада өткен ТМД елдері үкімет басшылары кеңесінің отырысында осы бағыттағы өзара іс-қимыл туралы келісім пысықталды. Тоғыз елдің өкілдерін Астанада тоғыстырған отырыста тағы қандай мәселелер көтерілді?

Бейбітшілік пен келісімді ту еткен Қазақстанда осы бағыттағы тағы бір келелі іс атқарылды. ТМД елдері үкімет басшылары аймақтағы қауіпсіздікті нығайта түсу үшін ядролық апаттардың алдын-алу жолдарын қарастырды.

Өйткені, достастық елдерінде атом энергия блоктары мен ядролық зерттеу қондырғылары әлі де бар. Уран да өндіріліп, радиоактивті көздер кеңінен қолданылады. Демек, қауіп те жоқ емес. Сондықтан, аймақта апаттық жағдайда жасалуы тиіс іс-әрекеттің бірыңғай жүйесін енгізу қажет. «Росатом» өкілі сол жүйенің жаңа мазмұнымен таныстырды.

Николай Спасский, «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бас директорының орынбасары:

Бұл келісім іс жүзінде керек болуынан сақтасын. Бірақ ол қажет болмас үшін барлық механизмдерді тиянақты қарастырған жөн. Келісімде ядролық апат кезінде достастыққа мүше елдердің біріне көмек керек болса, қандай іс-әрекеттер жасалатыны жазылған. Хабарландыру жіберіледі, дереу қандай көмек қажет екені анықталып, жәрдем көрсететін топтар мен арнайы техника сол елге жөнелтіледі. Ресей тәжірибесіне сүйенсек, бұл топ нысанаға 24 сағат ішінде, не одан да тез уақытта жете алады.

Бұдан бөлек, ТМД елдерінің үкімет басшылары сауда-саттықтағы кедергілерді жоюға келісті. Көлік және инфрақұрылымды дамыту, тауар айналымын арттыру, жаңа технологияларды енгізу. Барлық саладағы байланысты бекемдей түсу үшін достастыққа мүше елдер өкілдері тұщымды ой айтып, ұсыныстарды тұжырымдай алды.

Кохир Расулзада, Тәжікстан премьер-министрі:

Жоғары технологиялық энергетикалық қондырғаларды өндіру бойынша ынтымақтастық тұжырымдамасы қабылданғанын ерекше атап өткім келеді. Оны жүзеге асыру бойынша жоспар да бекітілді. Бұл құжат жобасы ТМД елдерінде шығарылған энергетикалық қондырғыларды қолданудың негізгі шарттарын және осы саладағы достастыққа мүше елдердің негізгі мақсаттары мен іс-әрекеттерін айқындайды.

ТМД елдері үкімет басшылары кеңесіне биыл төрағалық етіп жатқан Тәжікстан өз елінде 40-тан астам түрлі жиын өткізді. Астанадағы отырыста тәжіктердің атқарған шараларына оң баға берілсе, Қазақ еліне қонақжайлылық үшін алғыс айтылды.

Сергей Лебедев, ТМД атқарушы хатшысы:

ҚазақстанТәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сақталуы мен нығаюының жақтасы екенін, әрі осы бағытта жұмысын жалғастыра беретінін білдіреді. Бұл пікірді бүгін Достастық елдері делегацияларының басшыларын қабылдау кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та растады.

 Альбина Әшім, тілші:

Астана кез-келген үлгідегі ауқымды шараларды ұйымдастыруға қолайлы алаңқай. Әрі маңызды келісімдерге елордада қол жеткізу игі дәстүрге айналған. Бұл жолы ТМД үкімет басшылары 15 құжатқа қол қойды. Сондай-ақ, келесі отырыстың қайда және қашан өтетіні белгілі болды. ТМД үкімет басшылары келесі жылы Ашхабадта мамырдың соңында кездесетін болып келісті.

Ал мына отырысты абыроймен атқарып, меймандарды шығарып салған Астананы алты күннен кейін тағы бір ауқымды шара күтіп тұр. Бұл жолы елордада Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымының саммиті өтеді.

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу