Екі ел ынтымақтастығының келешегін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен Сингапур ұлттық университеті мемлекеттік саясат мектебінің профессоры Лим Сионг Гуан Ақордада талқылады. Сингапурдың мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттері үлгі аларлық. Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің «саяси» және «басқарушылық» деп бөлінуінің нәтижесі мол. Осы тәжірибені Қазақстан Сингапурдан алып, «А» корпусын құрды. Қос мемлекеттің тығыз байланысының арқасында Назарбаев Университетінің Жоғары мемлекеттік басқару мектебі мен Ли Куан Ю мектебі де үнемі ортақ жобаларды жүзеге асырып келеді. Гүлшара Әбідқалықова бұл ынтымақтастық болашақта жалғасын табатынына сенім білдірді.
Лим Сионг Гуан, Сингапур ұлттық университеті ЛИ КУАН Ю мемлекеттік саясат мектебінің профессоры:
- Сингапур Қазақстанмен салыстырғанда аумағы жағынан кішірек, халқының саны да азырақ болғанымен, екі елдің бір-біріне берері мол. Қазақстан біздің елдің даму тарихы мен экономиканы жаңа деңгейге көтеру сынды мәселелер жөнінде тәжірибе алмасуды құп көріп отыр. Біз де мұндай әріптестікті қуана қабылдаймыз.
Альбина ӘШІМ