Тәжікстан  мен  Қазақстан арасында бірнеше меморандум  бекіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәжікстан  мен  Қазақстан арасында бірнеше меморандум  бекіді

15.03.2018

Тәжікстан президентінің Қазақстанға сапары аясында бірнеше салада екі жақты меморандумдарға қол қойылды. Атап айтсақ, Қаржы министрлігі мен Тәжікстанның тауарлар, жұмыс және қызметтерді мемлекеттік сатып алу агенттігі арасында құжат бекіді. Ол бойынша енді Тәжікстан біздің мемлекеттік сатып алу саласындағы электронды жүйемізді өздеріне енгізеді. Айта кету керек, біздегі мемлекеттік сатып алу саласы толық автоматтандырылған. Сондықтан да, Дүниежүзілік банк өткізген конкурста Қаржы министрлігіне қарасты Электронды коммерция орталығы арнайы грант жеңіп алған. Ол бойынша аталған орталық Тәжікстандағы сатып алу жүйесін жетілдіруге атсалысады.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Біздікіндей сатып алу порталы Тәжікстанда құрылатын болады. Жалпы, бұл жақында ғана қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясындағы ең алғашқы цифрлық технологияларды экспорттау туралы контракт деп айтуға болады.

Сондай-ақ, екі тараптың дін істері бойынша құзырлы органдары меморандумға қол қойды. Құжат негізінде тараптар дін саласындағы мемлекеттік саясат мәселесінде және діни экстремизмнің алдын алу саласында тәжірибе алмасады. 

Нұрлан Ермекбаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі:

- Бұл ынтымақтастықтың аясында түрлі шараларды өткізіп, өзіміздің жинаған тәжірибелерімізді алмасып тұрамыз. Біз бірлескен зерттеу, талдау, ғылыми жұмыстарды жүргізе аламыз.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу