Шавкат Мирзиёев Қазақстандағы Өзбекстан жылының ресми ашылуына қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шавкат Мирзиёев Қазақстандағы Өзбекстан жылының ресми ашылуына қатысады

13.03.2018

Бірер күннен кейін Өзбекстанның Қазақстандағы жылы басталады. Айтулы күнге дайындық қызу жүріп жатыр. Ресми шараның ашылуына Мемлекет басшылары - Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиёев қатысады. Бұл шара - қазақ-өзбек қатынасының жаңа белесінің бастауы.

Жалпы, Қазақстан мен Өзбектсан арасындағы байланыс былтырдан бері қарқын ала бастады. Көп жылдан бері шешілмей келген мәселенің түйіні тарқап, екі елге де тиімді ортақ жобалар жүзеге асырыла бастады.

Өзбек халқы туысы сапарға шығарда «Досың қазақ болсын» деп бата береді. Ал, қазақ бауырлас елдің халқын «өз-ағам» деп сыйлайды. Тамыры тереңге жайылған туыстық қатынас былтыр жаңа қарқын алды. Бір жылда екі елдің басшылары  6 рет кездесіп, тұралап қалған байланыстың көкжиегін кеңейтті. Шекара, су, сауда-саттық сияқты өзекті мәселелер ретке қойылды. 

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

Мирзиеев мырзаның Қазақстан басшысымен достық қатынас орнатқанын көруге болады.  Екі мемлекет арасында жүрдек пойыз іске қосылды. Кедендік пунк жаңартылды. Шекара, аудандар арасында байланыс орнады. Бұл қалалардың экономикалық мүмкіндіктерін күшейтеді.

«Шекара мәселесі әсіресе, арадағы сауда-саттықтың одан әрі артуына мүмкіндік береді»,-дейді  сарапшылар. Қазірдің өзінде арадағы алыс-беріс 2 миллиард долларға жуықтады. Былтыр Мемлекет басшысының Ташкентке жасаған мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Өзбекстан арасында екі жақты 10 құжатқа қол қойылды. Демек, қазақ пен өзбектің байланысы болашақта берекелі болмақ.

Шавкат Мирзиеев бірер күнен кейін Астанаға тағы бір рет ат басын бұрады. Бұл жолғы мақсат та айқын. Өзбек басшысы алдымен елордада өтетін Орталық Азия елдері жетекшілерінің іскерлік кеңесіне қатысады. Кейін Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қазақстандағы Өзбекстан жылының ресми ашылуына қатысады.

Бауырлас халықтарды одан әрі жақындастыратын шаралар жыл бойы жалғасады. Ал, келесі жылы Өзбекстанда Қазақстан жылы аталып өтіледі.  

Бақытжан ОМАР

Хабарламаларға жазылу