Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысын ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысын ашты

05.03.2018

Президент бұл жиында ел болашағы үшін маңызды бес бағытпен таныстырып, жаңа әлеуметтік бастамаларды жария етті. Жаңа бағдарламардың бірі «7-20-25» деп аталады. Бұл құжаттың арқасында ипотека қолжетімді бола түспек. Президенттің айтуынша, былтыр 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. «Бұл – рекордық көрсеткіш», - деді Елбасы. Дегенмен, әлі де талай отбасының бас қайғысы – баспана болып отыр. Сондықтан, Президент бұл мәселені тез арада шешуді тапсырып, жұмыс істейтін әр қазақстандық теңгемен несие ала алатындай жағдай жасау керек екенін мәлімдеді. Несиенің сыйақы мөлшерлемесі қазіргідей жылына 14-16 процент емес, 7 пайыздан аспауы тиіс. Сондай-ақ, қазіргі таңда банктер алғашқы жарна 30, кейбірі, тіпті, 50 проценттен төмен болмауын талап етсе, енді бұл көрсеткіш 20 пайыз болуы тиіс. Несиенің төлену мерзімі де өзгерді. 10-15 жылдың орнына Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жыл етіп өзгертті. Сондай-ақ, Елбасының салық төлеу бойынша да жағымды жаңалықтары бар.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ол үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктердің мүмкіндіктерін толығымен пайдалануы керек. Ұлттық банк арнайы компания құрып, 1 трлн. теңгедей қаржы тартуы тиіс. Бұл ақша жаңа ипотекалық несиелерді сатып алуға бағытталуы тиіс. Бұл бағдарлама тұрғын үй құрылысына жаңа серпін беріп, саланың дами түсуіне септігін тигізеді. Миллиондаған қазақстандық үшін баспана қолжетімді болады. Бұл бағдарлама шағын және орта бизнестің, ел экономикасының өркендеуіне әкеледі. Жаңа жұмыс орындары да құрылады.

 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу