Бүгін Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шетел елшісінен Сенім грамотасын қабылдады. Атап айтқанда, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия құрама корольдігі, Швеция, Үндістан мен Куба Республикасының дипломаттары Қазақстандағы миссияларын ресми түрде бастады.
Елбасы атап өткендей, шетелдік елшілердің Қазақстандағы жұмысы маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жолдауда айтылған басым бағыттарды орындау мақсатында экономикалық байланыстарды жандандыру көзделген.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанның халықаралық аренадағы позиция ұстануы дәстүрге айналды. Бұл бізге жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Біздің ұстанымымыз осылай жалғаса береді.
Өз кезегінде шетелдік елшілер Қазақстанмен байланысты мығымдауға күш салатындарын айтты. Себебі, Қазақ елінің сан салада жеткен жетістіктері әлем назарында.
Мац Фойер, Швеция Корольдігінің елшісі:
Қазақстанға келген алғашқы күннен бастап бұл елдің қонақжайлығын сезіндім. Былтыр біздің мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасқа 25 жыл толды. Қазақ-Швед байланысы түрлі салада дамып келеді. Швеция Қазақстан экономикасына инвестиция құю бойынша екінші орында тұр. Ал, осы айдың соңында біздің елдің көлік және энергетика саласының делигациясы Қазақстанға келеді. Сонымен қатар, білім және ғылым саласына да үлкен ден қойып отырмыз.