«Астана процесінің» кезекті раунды аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана процесінің» кезекті раунды аяқталды

22.12.2017

Бүгін Сирия Араб Республикасының жағдайы бойынша «Астана процесінің» кезекті раунды аяқталды. Екі күнге созылған жиынның қорытындысы бойынша Сирияның бейбітшілігіне кепіл болатын Ресей, Түркия және Иран елдері атынан бірлескен мәлімдеме жарияланды. Ұсталған, ұрланған азаматтарды босату, мүрделермен алмасу және із-түзсіз жоғалғандарды іздеу бойынша жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жағдайды бейбіт түрде шешуге кепіл болған Ресей, Иран, Түркия кезекті рет Сирия мемлекетінің территориялық тұтастығына, егемендігіне ешқандай күмән келтірмейтіндерін кезекті рет жариялады. Бұған қоса, «ДАИШ», «ИГИЛ», ән-Нусра майданы және басқа да террористік ұйымдарды түгелімен жою үшін бірлескен күрес жүргізуді жалғастыруға және Сириядағы жағдайды қалыпқа келтіру бойынша уағдаласты. «Астана процесіне» қатысушылар еркін алаң және қолайлы жағдай жасағаны үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді. 

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Жыл басынан бері ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қолдауымен Астанада өткізілген келіссөздердің әр раунды Сирия жерінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың қайта орнауына бізді бір қадам жақындатып келеді. «Астана процесінің» арқасында Сириядағы жағдай едәуір тұрақталып, қайта қалпына келтіру кезеңінің алдында тұр деп айтуға толық негіз бар. Шешімі табылмастай көрінген мәселелер кепілгер елдердің ауқымды күш жігерінің және БҰҰ тұрақты қолдауының арқасында тиімді түрде реттелді.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу