Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Еуразиядағы еврей қауымын қолдау ұлттық коалициясының төрағасы Даниэль Рубинмен кездесті. Ағымдағы жылы Қазақстан мен АҚШ-тың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 25 жыл толды. Аталған датаның аясында Вашингтонда, сонымен қатар Астанада өте көп шара өтті.
«Назарбаев орталығы» ұйымдастырған үлкен шарада осы 25 жылдың ішіндегі жетістіктер көрсетілді. Қазіргі уақытта екі ел арасында белсенді диалог жүруде. Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова бүгінгі күні Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын да атап өтті. Биыл бірқатар жаңа құжаттардың қабылданғанын және реформаларды жүзеге асыру басталғанын айтты.
Бұған қоса, Рубин мырзаға АҚШ Конгресі палатасында Джексон-Вэник заңына түзетулерді болдырмау туралы заң жобасын қолдағаны үшін алғысын жеткізді. Өз кезегінде коалиция төрағасы да АҚШ пен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға атсалысатынын атап өтті.
Даниэль Рубин, Еуразиядағы еврей қауымын қолдау ұлттық коалициясының төрағасы:
- Біздің іс-сапарымыздың басты мақсаты - АҚШ пен Қазақстан Үкіметі арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ету. Еврей қауымдастықтары арасындағы қатынасты нығайту бағытында да жұмыс істейміз. Олар әр елде бар және соның ішінде Қазақстанда да тұрады. Бұл жерде еврей жұртының барынша жақсы өмір сүріп жатқанына көз жеткіздік.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ