Қырғызстан Үкіметі Қазақстан тарапынан берілуі тиіс көмектен бас тартуды ресми түрде мәлімдеген жоқ. Бұл туралы Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов мәлімдеді. Бұған дейін айтылғандай Еуразиялық экономикалық одағы аясында шекарадағы техникалық мүмкіндіктерді жетілдіру мақсатында Қырғыз еліне 100 млн. доллар көлемінде көмек берілуі тиіс болатын. Бірақ, «Қазақстанның бұл көмегінен Қырғызстан бас тартады, тиісті қаражаттарды басқа жақтан қарастырады» деген ақпарат тарап үлгерді. Әзірге көрші елден Қазақстан Үкіметіне ешқандай ресми мәлімет түспеген.
Қайрат Әбдірахманов, Сыртқы істер министрі:
- Осы күнге дейін Қырғыз тарапынан бізге ешқандай ресми түрде мәлімет келген емес. Қырғыз тарапы бұл мәселені қай түрде көтерсе де, біз оған мұқият өзіміздің көңілімізді бөліп, екіжақтық тиісті келісімдерге келетінімізге кәміл сенемін.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ