Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев айтты. Үкімет басшысы Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаевтың сайлауалды мақсатта жасаған жауапсыз, арандатушылық мазмұнда мәлімдеме жасағанын атап өтіп, бұл жағдай екі ел арасындағы достық қарым-қатынасқа сызат түсірмеу керектігін атап өтті.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрі:
- Біздің ата-бабаларымыз «қазақ пен қырғыз бір туған» деп, екі халықтың достығына ерекше мән берген. Ғасырлар бойы қалыптасқан осынау достықты, туыстықты біз қадірлеуіміз керек. Сайлау науқаны өтеді, кетеді. Алайда, ол бауырлас екі елдің арасына жік түсірмеуі керек. Біздің Елбасымыздың ұстанған саясаты да осы - елдің, туысқан халықтардың бірлігі. Ертең досқа күлкі, дұшпанға таба болмау үшін ғасырлардан жеткен екі халықтың достығын, бірлігін сақтайық. Қайта оны саяси, экономикалық жағынан әрі қарай нығайту үшін бәріміз бірлесіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуіміз керек.
Ғабит ҰЗАҚБАЙ