Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Елбасының мемлекетімізді әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуда және Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын нығайтуда зор үлес қосқанын атап өтті.
«Сіздің елдеріміз арасындағы одақтастық пен стратегиялық серіктестік қарым-қатынасты нығайтудағы, сондай-ақ өзара тиімді интеграциялық үдерістерді дамытып, еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі жеке үлесіңізді асыра бағалау мүмкін емес.
Арамыздағы өзара түсіністік пен сенімді жоғары бағалаймын. Біз екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша бірлесіп жемісті қызмет атқарып келеміз», – делінген хатта.
В.Путин Мемлекет басшысына зор денсаулық, бақ-береке тілеп, Қазақстан халқының игілігі жолында жаңа табыстарға жетуге ниеттестігін білдірді.
***
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өз құттықтауында Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының маңыздылығы мен оның айрықша қарқынмен дамып келе жатқанын айтып, екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
«Соңғы жылдары Қытай мен Қазақстан арасында саяси өзара сенім нығайып, «Бір белдеу, бір жол» бірлескен бастамасы жемісті іске асырыла бастады, сондай-ақ нақты ынтымақтастық аясы кеңейіп, гуманитарлық байланыстарымыз да белсенді дамып келеді. Сіз биылғы мамыр айында Қытайда өткен «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық форумға қатыстыңыз. Бір ай бұрын мен Қазақстанға ресми сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатыстым. Біз екіжақты қарым-қатынас пен барлық саладағы нақты ынтымақтастықты нығайту жөнінде пікір алмасып, маңызды уақдаластықтарға қол жеткіздік», – делінген жеделхатта.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан Президентіне зор денсаулық мен барлық бастамаларына табыс тіледі.
***
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Нұрсұлтан Назарбаевтың парасатты әрі көреген басшылығымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалары жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтіп, еліміздің жаһандық үдерістерге белсенді атсалысып отырғанына назар аударды.
И.Әлиев Мемлекет басшысының Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық пен тату көршілік дәстүрін сақтау ісіндегі еңбегін жоғары бағалады.
«Тарихи тамыры бір халықтарымыздың қалауымен мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынас, серіктестігіміз, екіжақты және көпжақты ынтымақтастығымыз бұдан әрі де қарқынды дами беретініне сенімдімін.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, осы айтулы күнде Сізге зор денсаулық, бақыт және бауырлас Қазақстан халқының өсіп-өркендеуі жолындағы қызметіңізге табыс тілеймін», – делінген құттықтау хатта.
***
Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметімен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Сіз еліңіздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы күрделі міндеттерді шешуде және оның халықаралық беделін нығайтуда айтарлықтай табыстарға жеттіңіз. Бүгінде Қазақстан қазіргі әлемнің сын-тегуріндеріне төтеп беріп, озық бастамалар көтеріп, болашаққа сеніммен қарайды», – делінген жеделхатта.
А.Лукашенко Беларусь пен Қазақстанның барлық саладағы байланыстарын одан әрі кеңейтуге сенім білдіріп, Мемлекет басшысына зор денсаулық пен бақ-береке тіледі.
***
Украина Президенті Петр Порошенко Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, оның Қазақстан Президенті ретіндегі қызметін өз еліне қалтқысыз қызмет етудің үлгісі екенін атап өтті.
«Украина мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынас халықтарымыздың игілігі үшін қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтарды іске асыруға септігін тигізетініне сенемін. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді Украинаға мемлекеттік сапармен келуге шақыруымды растаймын. Сіздің сапарыңыз өзара тиімді серіктестікті дамытуға тың серпін беріп, екі ел арасындағы өзара түсіністікті нығайтатын болады», – делінген хатта.
П.Порошенко Қазақстан Президентіне зор денсаулық тілеп, жауапты мемлекеттік қызметте сарқылмас күш-қайрат пен жаңа табыстарға жетуге ниеттестік білдірді.
***
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан халқының игілігі үшін іске асырылып жатқан ауқымды жобалар мен бағдарламалардың нәтижелеріне тоқталды.
Сонымен қатар, Ш.Мирзиёев Мемлекет басшысының Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның халықаралық аренадағы беделін арттырудағы маңызды бастамалары мен белсенді қызметін жоғары бағалады.
«Оған дәлел ретінде әсем әрі заманауи Астанада Халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуын, жаһандық және өңірлік саясат пен қауіпсіздік, экономика мен инвестициялар, мәдениет пен ғылым салаларындағы ірі іс-шаралардың табысты өтуін, сондай-ақ халықаралық құрылымдар аясындағы тиімді жұмыстар мен табысты өзара іс-қимылды атап өтуге болады», – делінген жеделхатта.
Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевқа зор денсаулық, бақ-береке және жауапты мемлекеттік қызметте жаңа табыстарға жетуге тілектестік білдірді.
***
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды орнықты дамытуға әрі өркендетуге және оның әлемдік қоғамдастық арасындағы беделін нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті.
«Мүмкіндікті пайдалана отырып, Тәжікстан мен Қазақстанның көпқырлы өзара тиімді ынтымақтастығын жан-жақты дамыту үшін Сізбен бірге бар күш-жігерімізді жұмылдыруға ниетті екенімізді айтқым келеді.
Шын жүректен Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және достас Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі жолындағы мемлекеттік қызметіңізге жаңа жетістіктер тілеймін», – делінген құттықтау хатта.
***
Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев Мемлекет басшысын туған күнімен құттықтап, тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістігі Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатының нәтижесі екенін айтты.
«Сіздің кәсіби әрі өмірлік мол тәжірибеңіз Қазақстан халқының толық қолдауына ие болған көпқырлы және жемісті мемлекеттік қызметіңіздің берік негізі болып табылады.
Қазақстан мен Қырғызстанның тең құқылы әрі өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік қарым-қатынасы алдағы уақытта да бауырлас елдеріміздің игілігі үшін нығайып, дами беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта.
***
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президентінің екі ел арасындағы әріптестікті дамытудағы жеке үлесін жоғары бағалап, екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.
«Осы жақсы мүмкіндікті пайдалана отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге амандық, өмірлік күш-қуат, сондай-ақ бауырлас Қазақстан халқының берекесі мен өсіп-өркендеуі жолындағы жоғары мемлекеттік лауазымда одан әрі табыстарға жетуге тілектеспін», – делінген хатта.
***
Сербия Республикасының Президенті Александр Вучич те Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, Қазақстан Президентіне зор денсаулық, амандық пен бақытты ғұмыр тіледі.
«Сізге Президент лауазымында, Қазақстан Республикасының игілігі үшін және жеке өзіңіз зор үлес қосып отырған елдеріміз арасындағы ынтымақтастық жолында табыстарға жетуге ниеттестігімді білдіремін», – делінген құттықтау хатта.
***
Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді дамыту, оның халықаралық аренадағы беделін арттыру және Қазақстан мен Арменияның қарым-қатынасын нығайту ісіндегі зор үлесін атап өтті.
«Армян мен қазақ халқының арасындағы достық және бір-бірін құрметтеу дәстүрі екіжақты саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық серіктестікті кеңейтуде маңызды рөл атқарады», – делінген жеделхатта.
С.Саргсян Мемлекет басшысына зор денсаулық пен амандық, ал Қазақстан халқына бейбітшілік пен өсіп-өркендеу тіледі.
***
Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Ресей Федерациясы Үкіметі және жеке өзінің атынан Қазақстан Президентін туған күнімен құттықтады.
Д.Медведев энергетика, өнеркәсіп, көлік инфрақұрылымы, ғылым және мәдениет салаларындағы бірлескен өзара тиімді жобалардың іске асырылу нәтижелеріне тоқталып, екі елдің қоғамдық бірлестіктер мен бизнес-қоғамдастықтар арасындағы диалогтары қарқынды екеніне назар аударды.
«Үкіметтеріміздің серіктестікке негізделген одан арғы жұмысы екіжақты ынтымақтастықтың барлық мәселелерін дамытуға, түрлі салаларда тың әрі перспективті бастамаларды іске асыруға, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететіне сенімдімін», – делінген жеделхатта.