Мемлекет басшысы осы аптада бірқатар қабылдаулар өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы осы аптада бірқатар қабылдаулар өткізді

30.04.2017

Мемлекет басшысы Еуразия даму банкі басқармасының төрағасын қабылдады. Кездесуде Дмитрий Панкин  Елбасына банктің алдында тұрған міндеттері мен интеграциялық жобаларды қаржыландыру жөнінде баяндады. Сондай-ақ, банктің несие қорының қазіргі ахуалы жөнінде мәлімет берді. Дмитрий Панкиннің айтуынша, қор көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия даму банкінің негізгі құрылтайшылары Қазақстан мен Ресей екенін айтып, банк Еуразиялық экономикалық одақтың мүддесі үшін құрылғанын еске салды. Мемлекет басшысы банк жұмысының таңдаған бағытын оң бағалап, Қазақстан үшін несиені көбіне теңгемен беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ, Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы аптада Қаржы министрі Бақыт Сұлтановты да қабылдады. Министр Мемлекет басшысына қаржылық тұрақтылықты сақтау, тексерістерді қысқарту және кәсіпкерлік секторға түсетін ауыртпалықты азайту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесін,  мемлекеттік аудит жұмысын жетілдіру барысын мәлімдеді. Өз кезегінде Елбасы бюджетті толықтырудың қосымша тетіктерін және мемлекеттік қарыздың қауіпсіз параметрлерін  қалыптастыруды тапсырды. Ұлттық қорды ұлғайту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, министрліктің алдында тұрған нақты үш міндетті айқындап берді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздегі «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің басшысы Ғабит Байжановты қабылдады. Кездесу барысында Президентке сыртқы барлау қызметінің қазіргі жұмысы мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Нұрсұлтан Назарбаев сала басшысына бірқатар нақты тапсырма жүктеді.

Апта барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның шығармашыл жастарымен де кездесті. Президент танымал әнші Димаш Құдайбергенов пен режиссер Ақан Сатаевты қабылдады. Ақан Сатаев Қазақстан Президентіне өзінің жоспарлары жөнінде айтты. Нұрсұлтан Назарбаев кинотуындылар түсірерде қазақ ұлтының қалыптасуы, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа елордасының салынуы жөніндегі тақырыптардың өзекті екенін ескеру қажеттігін атап өтті. Елбасы Димаш Құдайбергеновті Қытайда өткен халықаралық байқаудағы жеңісімен құттықтап, оған бақ-береке және зор шығармашылық табыс тілеп, батасын берді. 

Дулат ЖЕКСЕНБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу