ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ерлан Қошановты Қарағанды облысының әкімі қызметіне тағайындады. Бұл туралы Ақорданың Твиттердегі парақшасында хабарланды. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар басым дауыспен Ерлан Қошановтың кандидатурасын қолдады. Жаңа өңір басшысы бүгінгі жиында активке таныстырылды.
Ерлан Жақанұлы 1962 жылы Жезқазған облысындағы Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында туған. Қарағанды политехникалық институтының Жезқазған филиалын (1984), КСРО Сыртқы сауда академиясы жанындағы жоғары коммерциялық мектепті (1991) және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын (1999) бітірген, мамандығы бойынша - инженер механик және экономист.
Еңбек жолын «Жезқазғантүстіметалл» ҒӨБ байыту фабрикасының слесары, шебері (1986-1988) болып бастады. ҚЛКЖО Жезғазқан облыстық комитетінің нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі (1988-1990), Жезқазған облыстық сыртқы-экономикалық байланыс комитетінің жетекші, бас маманы, бөлім бастығы, төрағаның орынбасары, төрағасы болды (1990-1995), Қазақстан Республикасы Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі (1999-2003), ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары (2001-2003), ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі (2003-2006), ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы (2006-2007), ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі басшысының орынбасары - Үкіметтің Парламент Мәжілісіндегі өкілі (2007 жылдан бастап) болды.
Сондай-ақ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі (2004 жж. бастап), «Астана халықаралық әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы (2005 жылдан).
ҚР Парламенті Сенатының депутаты (1995-1999) болып сайланды. Бесінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша кандидат (07.12.2011) болды. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі. 2012 жылдың ақпанынан бері ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы болды.