2016 жылғы 22-23 маусымда Женевада өтіп жатқан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 117-ші сессиясы барысында Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пакт аясында халықаралық міндеттемелерді орындау бойынша Қазақстан Республикасы екінші мерзімді баяндамасын қорғады.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Қазақстандық делегация құрамына Ұлттық адам құқықтары комиссиясы, Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Орталық сайлау комиссиясы, әділет, ішкі істер, коммуникация, білім және ғылым министрліктері мен Ұлттық адам құқықтары орталығының өкілдері кірді.
Қазақстандық делегация басшысы, Әділет министрінің орынбасары Эльвира Әзімова БҰҰ комитетінің мүшелеріне елде азаматтық және саяси құқықтарды қорғау, қазақстандық қоғам өмірі мен практикада бес маңызды институционалдық реформаларды айқындайтын «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында қабылданған ұлттық заңнамадағы соңғы өзгерістер бойынша жүргізіліп жатқан саясат туралы баяндама оқыды.
Одан әрі делегация мүшелері комитет сарапшыларының сұрақтарына жауап берді және Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси саладағы, қылмыстық сот ісін, сот және құқық қорғау жүйесін ұйымдастыруда негізгі қайта құрулар мен өзгерістер туралы, адам құқықтары бойынша уәкілетті органнның қызметі, экстрадациялау және адам құқықтарын қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастыру жайында хабардар етті.
Өз сұрақтары мен пікірлерінде комитет мүшелері адамның азаматтық және саяси құқықтарын қорғау мәселелерінде Қазақстан Республикасындағы ілгерілеуді атап өтті.
Атап айтқанда, комитет төрағасы Фабиан Сальвиоли соңғы төрт жылда осы саладағы Қазақстанның айтулы жетістіктеріне тоқталды. Германия өкілі Анья Зайберт-Фоор қазақстандық тарап комитеттің ұсынымдары мен ескертулерін аса жауапкершілікпен ескергенін атап өтті.
Комитеттен сөз алғандардың бірі Яхд Бен-Ашур ел ішіндегі конфессияаралық және дінаралық келісімді нығайтуға бағытталған республиканың халықаралық бастамаларын ерекше атап көрсетті.
Алдын ала тұжырым ретінде комитет мүшелері айтылған ұсынымдарды іске асыру бойынша дәйекті шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.