Елбасы Ресей Федерациясының іскерлік орта өкілдерімен кездесу өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Ресей Федерациясының іскерлік орта өкілдерімен кездесу өткізді

17.06.2016
Елбасы Ресей Федерациясының іскерлік орта өкілдерімен кездесу өткізді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының іскер топтар өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.

Кездесуге «Еурохим», «Эфко», «Лукойл», «Полиметалл», «Еуропа подшипник корпорациясы», «Сколково», «Ресей темір жолдары» және «АвтоВаз» сияқты ресейлік ірі компаниялардың жетекшілері қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев одан әрі бірлесе жұмыс жүргізу үшін әлеуеттің жеткілікті екенін, бүгінде Қазақстанда ресейліктердің қатысуымен 6 мыңға жуық кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

- Елеулі нәтижелер, қызғылықты жобалар мен перспективалы бастамалар баршылық. Қазақстан экономикасына «Лукойл», «Газпром», «Русал», «Полиметалл», «Еурохим» және басқа да көптеген компаниялар қаржы салуда. Соңғы жылдардағы біздің басты жетістігіміз - Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, біз бүгін соның аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта ЕАЭО-ның қажетті заңнамалық базасы қалыптасты, тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы қамтамасыз етілді. Бұл аз шаруа емес. Бастысы - одақ кеңістігінде біздің өндірушілердің еркін бәсекелестігі қамтамасыз етілді. Келесі кезең - мұнай мен газдың, электр энергетикасының, жекелеген қызмет түрлерінің, дәрі-дәрмектің ортақ нарығын қалыптастыру, - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы инвестициялық тартымдылықтың жаңа сатысына көтерілу үшін, қазіргі дағдарысқа тойтарыс беру үшін Қазақстанда қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев елді индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асыру мемлекеттің өткен жылдардағы жұмсаған күш-жігерінің арқасында мүмкін болғанын атап өтті.

- Индустрияландырудың басым бағыттары - металлургия, химия и мұнай химиясы, машина жасау, құрылыс материалдары, азық-түлік өндірісі. Басымдығы бар салаларда жұмыс жүргізетін инвесторлар үшін корпоративтік табыс салығынан, 10 жыл мерзімге жер салығынан, 8 жылға мүлік салығынан босату түріндегі артықшылықтар қарастырылған. Нысандар пайдалануға берілгеннен кейін инвесторларға 30%-ға дейін капитал шығындары қайтарылатын болады. Шетелдік жұмыс күшін қандайда бір квотасыз және рұқсаттамасыз тартуға мүмкіндік берілді. Бұдан бөлек, 2015 жылы инвесторлар үшін визасыз режім тізімінде әлемнің 35 еліне дейін қамтылатын болады, 2017 жылдан бастап ол 54 елге дейін жеткізіледі. Қазіргі уақытта Қазақстанда 10 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. АЭА аумағында тұтынылатын тауарлар үшін жер, мүлік және қосымша құн салығынан босату түріндегі жеңілдіктер ұсынылады. Жер учаскесін жалға алу 10 жылға дейін тегін, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту жөніндегі жұмыстар туралы айтылды.

- Соңғы жылдарда біз рұқсат беретін құжаттар санын екі есе қысқарттық және оларды алу рәсімдерін жеңілдеттік, электрондық үкімет жұмыс істеп тұр. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, әлемдегі үздік фискалдық саясаттың бірі Қазақстанда жүргізілуде. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдіктері» рейтингісінің «салық салу» көрсеткіші бойынша, еліміз 189 елдің ішінен 18-орынға ие болып отыр. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі бойынша Қазақстан соңғы жылы 12 сатыға жоғарылап, 41-орынға жетті. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингісі бойынша 8 тармаққа жоғарылап, 42-орынға табан тіреді, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінің тәжірибесі бойынша Қазақстан Үкіметінің мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту жөніндегі жұмысына назар аударды.

- Осы мақсатта ауқымды жекешелендіру науқаны жүргізіліп жатыр. Мұнай өңдеу, энергетика, инфрақұрылым нысандарын қамтитын экономиканың түрлі салаларындағы 800-ге жуық кәсіпорын саудаға шығарылды. Тікелей жекешелендіруден бөлек, мемлекет-жекеменшік қағидаттары негізінде де ынтымақтасуға әзірміз. Біз мемлекет пен бизнестің инвестиция саласындағы осындай ұзақ мерзімді өзара іс-қимылының барлық қырларының кешенді түрде реттелуін қамтамасыз ететін жаңа заң қабылдадық, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы елде заманауи мультимодальды көлік-логистика хабы құрылып, ежелгі заманнан Қазақстан аумағы арқылы өткен Ұлы Жібек жолының бағдары қайта жаңғыртылып жатқанын айтты.

- Қысқа мерзім ішінде біз 2 мың шақырымнан астам теміржол желісін және 4 мың шақырым автомобиль жолын салдық. Қытайдың шекарасындағы Қорғас «құрғақ портын» Каспий теңізіндегі Ақтау теңіз портымен және одан әрі Түрікменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына дейін тіке байланыстырдық. Ұзындығы 2 мың 800 шақырым «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолы құрылысын аяқтап жатырмыз. 2019 жылға дейін жалпы ұзындығы 8 мың шақырымнан асатын 17 автожол жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде біз Азия мен Еуропаны, Солтүстік пен Оңтүстікті тікелей байланыстыратын толыққанды стратегиялық көлік дәлізіне ие боламыз. Мәселен, Қытайдан Иранға бет алған жүк теңіз жолымен бір ай, бір жарым ай жүрсе, сондай тасымал құны бойынша Қазақстан арқылы 15 күнге жуық уақытта жетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығы» жобасын іске қосу жоспарланып отырғанын еске салды.

- Осындай орталықтардың құрылу тарихын зерттей келгенде, біз үшін Дубайдың тәжірибесі мейлінше тартымды болды. Халықаралық қаржы орталығы өзіне АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания қаржы нарықтарының ең үздік тәжірибесін үлгі ретінде алып, инвесторларға қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді. Мұндай орталықтың посткеңестік аумақта баламасы болмайды. Корпоративтік және жеке табыс салығын, жер және мүлік салығын төлеуден 50 жыл мерзімге босату көзделуде. Заңнама ағылшын құқығы қағидаттарына негізделетін болады. АХҚО-ға қатысушылар және олардың қызметкерлері үшін жеңілдетілген виза және еңбек режімі қолданылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы ресейлік инвесторларға біздің елдегі іскерлік саласына белсене атсалысып келе жатқандары үшін ризашылық білдіріп, Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырды.
Ресей компаниялары басшылары сөйлеген сөздерінде Қазақстан Президентіне кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ұдайы көңіл бөліп отыратыны және елде қолайлы инвестициялық жағдай қалыптастырғаны үшін алғыс айтты.
Бизнесмендер, сондай-ақ, қазіргі кезде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға қолдау білдіріп, серіктестікті одан әрі тереңдетуге мүдделілік танытты.

Хабарламаларға жазылу