3 жылда білім беру саласының 386 қызметкері жемқорлық құқық бұзушылыққа барғаны үшін сотталды - Г.Әбдіқалықова - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 жылда білім беру саласының 386 қызметкері жемқорлық құқық бұзушылыққа барғаны үшін сотталды - Г.Әбдіқалықова

15.06.2016
3 жылда білім беру саласының 386 қызметкері жемқорлық құқық бұзушылыққа барғаны үшін сотталды - Г.Әбдіқалықова

3 жылда білім беру саласының 386 қызметкері жемқорлық құқық бұзушылыққа барғаны үшін сотталды. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.

«Жемқорлыққа қарсы стратегияда қазақстандық қоғамның жемқорлыққа қарсы әдебі мен мәдениеті «Мәңгілік ел» идеологиясы тұрғысында қалыптасуы тиіс. 5 институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы білім беру мәселесіне айрықша мән берген. 5 жыл ішінде білім беру саласына мемлекеттік шығыстар 2011 жылғы 1 трлн. теңгеден 2015 жылы 1,37 трлн. теңгеге дейін өсті, - деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы білім беру саласындағы жемқорлыққа қарсы қолданылып отырған шаралардың әлі де жеткіліксіз болып отырғандығын баса айтты. Мәселен, қаржылық бақылау комитетінің 2014-2015 жылдар мен 2016 жылдың 1 тоқсаны кезеңдеріне жүргізген тексеру нәтижесінде заңнаманың 116 млрд. теңгеге бұзылғаны анықталған.

«Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы, бюджет заңнамасын бұзғаны үшін 1040 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, білім беру саласының 386 қызметкері жемқорлық құқық бұзушылыққа барғаны үшін сотталды», - деді ол.

Жиын барысында ҚР Бас прокуроры Ж.Асановтың, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің, Қаржы министрі Б.Сұлтановтың, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің, Мемлекеттік қызмет істері министрі Т.Донақовтың баяндамалары тыңдалды.

Комиссия отырысына бейне селекторлық режімде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың мүшелері, білім департаменттерінің басшылары және жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

Хабарламаларға жазылу